Жиын бола қалса, ұялы телефонға үңіле кететін студенттер бұл жолы келген қонақтарды сілтідей ұйып тыңдады. Себебі айтылған әңгіме өзге емес өз тарихымыз жайында. Әрісі қарапайым қазақтан бастап, берісі ұлттың қаймақтарын қылқытқан қуғын-сүргін ақиқаты айтылды.

Айта кетейік, зұлмат жылдары 40 миллион бас малдың көзі жойылды. Еліміздегі қолдан жасалған бұл қырғын осылайша қазақты 90 пайыз төрт түлігінен айырған. Киерге киімі, ішерге асы, мінерге көлігі болған үй жануарлары жоқ болған соң босыған ел басқа амалға жүгінеді.

Момбек Әбдәхімұлы, жазушы, тарихыш, шежіреші: «Өзім талай 100-деген қарияларды көрдім. Ашаршылықтың куәсі болған. Ит пен мысық жеген, қасқырлар құтырып кеткен. Ескі өлікті жемей, жаңа өлікті жеп. Адамдар қолына не түссе ауыздарына тығып, көктемде өсетін шөптерді жеп ісініп-кеуіп, уланып өлгендер өте-өте көп».

Сол бір замандағы қос бірдей зұлмат қазақтың марғасқаларын жендеттерге жетелетумен аяқталды. Елдің санасын серпілткісі келгендер соңында ату жазасына кесіліп, бірінен соң бірі жоқ болған еді. Оңтүстік бойынша олардың жалпы саны 2000. Ал сотталғаны 13 мыңнан асып жығылады.

Тарихшылардың айтуынша, ұлтты қыру саясаты қазақпен қатар ноғайда да жасалған. Бүгінде жойылуға шақ тұрған тағдырластарымыздың саны 90 мыңға жетпейді екен.