Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының арқасында бір өзі 10-нан астам алаяқтық жасаған күдікті әйелді ұстады. Ол бұрын сотты болмаған жергілікті тұрғын болып шықты.
Күдікті, арызданушылардың сеніміне кіріп, біреуіне мемлекеттік бағдарламамен жәрдемақы алып беремін десе, енді біреулеріне мүгедектікке, зейнеткерлікке шығарып беремін деп ақшаларын алып отырған. Атап айтар болсақ;
Сарыағаш қаласының тұрғыны, аудандық полиция бөліміне арызданып келеді. Ол өз арызында, қайтарымсыз жәрдемақы шығарып беремін деген танысына 550 000 теңгесін беріп, алданып қалғанын көрсетеді.
Келесі жайтта да, жергілікті тұрғын, өзін «Жоғары соммадағы зейнеткерлікке шығарып беремін» деген әйелге сеніп, 530 000 теңгесін бергенін айтып арызданған. Ұсталған күдікті осы екі адамды ғана емес, одан бөлек 9 Сарыағаштық тұрғынның ақшасын алып, 11 жайтқа қатысы бар екені анықталған. Жәбірленушілер келтірілген шығынның жалпы көлемі 3 миллионнан астам. Тұрғындардан келіп түскен арыз бойынша, аудандық полицейлер күдікті ретінде әйелді ұстады.
Оның қылмыстық іс-әрекеттеріне орай ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп, айыптау актісімен сотқа жолданды.