Ауыз суға қосымша фильтр қажет пе?

893
Ауыз суға қосымша фильтр қажет пе?

Денсаулығына алаңдайтын жандарды бұл саулдың мазалайтыны жасырын емес. Себебі, кейде ауызсудың түсі өзгергенін айтып немесе дәміне, иісіне шағымданатындар бар. Сондықтан да, ауызсудың сапасына күмәнмен қарағандар сүзгілеу шайнектерін пайдаланса, ендібірі су құбырына қосымша су сүзгісін орнатып жатыр. Ал шын мәнінде миллионнан астам тұрғыны бар шымшаһар үшін мұндай құралдардың қажеті бар ма?

ФИЛЬТР ОРНАТҚЫҢЫЗ КЕЛМЕЙ МЕ?

Ұялы телефоным шырылдады. Тұтқаның арғы жағындағы ер азаматтың дауысы «Айзада әпкенің інісімін, нөміріңізді сол кісіден алдым. Фильтр орнатқыңыз келмей ме?» деді. Құрбымның есімін естіген соң тұтқаны қоймайтыныма сенімді болып, мәселесін жайып салды. Сөйтсем, әлгі жігіт қаладағы фирмалардың бірінде жұмыс істейді екен. Дәлірегі ол ауызсуды тазалайтын құрылғыларды сатумен және орнатумен айналысатын мекеменің диллері болып шықты. Өз ісін әбден меңгергені байқалады. 5-6 минутта күнделікті ішіп отырған суымның сапасыз екенін айтып, денсаулығыма зиян келіретініне сендірді.
– Мың рет естігенше бір рет көріңіз. Мекенжайыңызды айтыңыз. Үйіңізге барып бәрін көрсетемін. Өзіңіздің және балаларыңыздың денсаулығына қандай зиян келіп жатқанын өз көзіңізбен көресіз,-деді.
Мұның бәрі тегін екенін, ол үшін бір тиын алмайтынын айтты.
Құрбымның інісі болған соң , тегін деген сөзді естіп тұрып «жоқ» деп айта алмадым. Бірден келісе кеттім.
Кешқұрым әлгі жігіт белгіленген уақыттан кешікпей үйге жетіп келді. Сөзіне сенсек, күнделікті ішіп отырған суымның құрамында денсаулығыма кері әсерін тигізетін ауыр металдар мен элементтер бар екен. Оны ол тәжірибе жүзінде көрсетіп бақты. Яғни, қолындағы кішкене ғана сөмкеден бір темір сперальді шығарды да тоққа қосты. Сөйтіп күнделікті ішіп отырған су құйылған стаканға салды. Әлгі су қаспен көздік арасында қап-қара лай суға айналып шыға келді. Жоламанның айтуынша, электр тоғы судың құрамындағы металдар мен ауыр элементтерді ыдыратты.
– Көрдіңіз бе, ішіп отырған суыңыздың құрамын? Қазір барлық қоқым стакан түбіне тұнады. Сіздің ағзаңызда да осы процесс жүреді. Барлық металдар мен ауыр элементтер бауырыңыз бен бүйрегіңізге жиналады. Сөйтіп тасқа айналады, — деді Жоламан.
Одан соң құрылғысын өзімен бірге алып келген суға салды. Су түсін де, түрін де өзгертпеді.
– Бұл фильтрден өткен су. Яғни оның құрамында ешқандай артық заттар жоқ. Сондықтанда оған тоқпен әсер етсеңіз де, түсін берген жоқ,- деді ол.

НЕСИЕГЕ ОРНАТУҒА БОЛАДЫ

Осылайша 1 сағатқа созылған түсіндіру жұмысынан түйгенім – үйдегі су құбырына қосымша сүзгілеу құралын орнатуым керек. Өзін Жоламан деп таныстырған әлгі жігіт мұндай құрылғыны құрбым Айзаданың да орнатқанын айтып, мені де көндірмек болды.
– Бізде фильтрдің бірнеше түрі бар. Сапасына, құрылымына қарай 120 мың мен 500 мың теңге аралығында. Қолма-қол ақшаңыз болмаса несиеге рәсімдеуге болады. Алдын ала 30% төлесеңіз болғаны, қалғанын бөліп құтыласыз,- деді.

Бір қызығы аталған компания несиені банк арқылы емес, өзара келісімшартпен ресімдейді екен. Айтуларынша, осылайша артық қағазбастылық болмайды, банктің қызметі үшін алатын пайыздарды қажет етпейді.
Жоламанның сөзін құрбым Айзада да растады. Оның су сүзгісін несиеге орнатқанына бір жылға жуықтапты. Тіпті, қарызынан да құтылып қойған. Және ол өзінің саф таза су ішіп отырғанына толық сенімді. Айтуынша, фильтрден өткен судан басқа суды іше алмайды. Соған әбден үйреніп кеткен. Өйткені, бұл судың дәмі өзгеше. Ішінде артық зат жоқ.

«Шымкенттің суы ең таза»

Шыныменде солай ма? Осы сауалдың жауабын білмек болып, қалалық су шаруашылығына бардық.
1 миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполистің тұрғындарын ауыз сумен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і қамтамасыз етеді. Қаладан бөлек бұл мекеме Сайрам ауданының бірқатар елдімекендеріне де таза ауызсуын жеткізеді. Жиырма жылдан астам уақыт бойы шымкенттіктерді ауызсумен қамтамасыз етіп отырған мекеме суды пайдаланудың талаптарын оңтайландыру және халықты ауыз сумен жеткілікті қамтамасыз етуді басты мақсат тұтқан. Әрі осы бағыттарда қалтқысыз еңбек етіп келеді. Атап айтсақ, 1996 жылдан бүгінгі таңға дейін мекеме балансындағы 4782,2 шақырымды құрайтын су құбырларының 108,2 шақырымы қайта құрылды. Диаметрі 32-ден 600 мм дейінгі 896 шақырым су құбырының желісі жаңартылды. Көп қабатты үйлердің – 37%-ның, жеке секторлардың 100 %-ның су құбырлары ауыстырылды. Бүдан бөлек мекеме түрлі заманауи құралдар мен арнайы жабдықтарды сатып алып, орнатуда. Нәтижесінде экологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін ұстап тұруға және барлық санитарлық – гигиеналық нормаларға сәйкес суды алуға қол жетіп отыр. Мекеме басшысы Анарбек Орманның сөзінше, құбырдан ағатын ауыз су сапасында мін жоқ. Сондықтан да ол ауызсуды күнделікті өзі де, отбасы да ешқандай фильтрсіз ішеді.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойын-ша біздің жер шарында алдын ала тазартусыз ішуге болатын ауыз судың 1% ғана қалды. Себебі, жер бетіндегі экологиялық жағдай нашарлаған, су көздеріне зиянды микроорганизімдер, органикалық қосылулар және химиялық заттардың түсуі көбейген. Топырақ пен жердің әсері де жер асты суларын лас-тайды. Сондықтан да суды өңдеу күрделі дайындықты талап етеді. Біздің мекеме сол өңдеу процестерін және оның дайындықтарын барлық халықаралық стандартқа сай етіп жүргізеді. Нәтижесінде Шымкенттің ауызсуы ең таза. Ішуге қауіпсіз,- дейді Анарбек Орман.

«Суды талапқа сай тазартамыз»

Мекемедегі сынақ зертханасының бастығы Гүлжан Жауылбаеваның айтуынша, суды тазарту процесі таза, ыңғайлы және барлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.
– Соңғы жылдары ауызсудың көп бөлігі Ақбай-Қарасу су қабылдағышында өндіріледі. Бұл 50 миллион текше метр шамасындағы су. Яғни, тұтынылатын судың 90 пайызы. Қалған он пайызын Бадам-Сайрам су қабылдағышы қамтамасыз етеді. Су үйді-үйге жеткенше түрлі өңдеулерден, сүзгілеуден өтеді. Соның бірі Даниялық әлемге әйгілі «Grundfos» компаниясының бірегей жабдығының көмегімен жүргізіледі. Мұнда тұзды бактар, анализатор, дозатор, электролизер арқылы су залалсыздандырылады. Бұл процедура хлорды пайдалануды ығыстырды. Бір сөзбен айтқанда жер асты және жер үсті сулары ҚР аумағында әрекеттегі нормативтерге сәйкес, залалсыздандырылады, — дейді Гүлжан Жауылбаева.
Шымкенттіктерді ауызсумен қамтамасыз ететін мекеме мамандарының сөзінше, күнделікті тұтынып отырған суымыз фильтірден өткізілгеннен әлде қайда пайдалы. Себебі, оның құрамында Менделеев кестесіндегі барлық элементтер кездеседі. Ал оның адам денсаулығына пайдасы болмаса, кері әсері жоқ.
– Сүзгілеу құралынан өткен су «өлі суға» айналады. Ал краннан ағатын ауызсу «тірі су». Элементтерге бай. Адам ағзасына пайдасы мол. Сондықтан да шымкенттіктер суға фильтрді қолданбаса да болады. Себебі өлі судан гөрі тірі судың пайдасы әлде қайда, — дейді Гүлжан Жауылбаева. Сонымен, қосымша су сүзгісін қолданасыз ба, жоқ па? Оны өзіңіз шешесіз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №14, 3 сәуір 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті