«Азат» шағынауданының тұрғындары елдімекен пайда болғалы не қоғамдық көлікке, не қауіпсіз жолға жарымай отыр.
Теміржолдың астымен өтетін қар, жаңбыр суына арналған тоннель жауын шашында көл болып, кешкі уақытта тас түнек, дейді тұрғындар. Ал теміржол арқылы жиі жүретіндер жанын шүберекке түйіп өтетінін айтады. Бармаған жері қалмаған тұрғындар «Қазақстан теміржолы» ҰҚ «АҚ Шымкент жол бөлімшесінен мәселенің шешімін күтеді.
Осы шағынаудан тұрғыны Маргарита Сочиди айналма жол бола тұра, жолды қысқарту үшін арғы бетке шойынжолдан өтеді. Оның қауіпті екенін біле тұра, осылай жүруге мәжбүр.
Маргарита Сочиди, «Азат» шағынауданының тұрғыны: «Арғы бетке өтетін жол бізге жақын болғандықтан, барлығымыз осы жолмен жүреміз. Әрине өте қауіпті. Бірақ, амал нешік? Жауын судың өтуіне арнайы салынған тоннельде мына тұрған тастармен секіріп әйтеуір өтеміз, балалар арбасымен жүру мүлдем қиын. Таңертең, кешкі уақытта мұнда тас қараңғы. Төбедегі баспалдақты көрдіңіздер қыс мезгілінде бір тайып, бір құлап әрең түсеміз».
Қаратау ауданына қарасты «Азат» шағынауданы тұрғындары қоғамдық көлік кестеге сай жүрсе жанымызды қатерге тігіп неміз бар дейді. Алайда, көпшілік өміріне қауіп төнсе де теміржолмен өтуді әдетке айналдырған.
Озипа, тұрғын: «Құлаққап киіп темір жолдан өткен жастарды пойыз қағып кеткен. Басқа өткел жоқ қой. Қайтеміз?».
Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында мұнда теміржолдың бойында теміртор қоршау да жасалды. Алайда тұрғындар қауіпсіздік шаралары бойынша айналма жолмен жүрудің орнына өздеріне ыңғайлы жолдарды таңдаған. Тіпті қоршауларды алып тастаған. «Қазақстан теміржолы» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы басқармасы бұл мәселеге қанық.
Мұхтар Битемиров, «Қазақстан теміржолы «ҰҚ» АҚ Шымкент жол бөлімшесінің бас инженері: «Әкімдік тарапынан тұрғындар теміржолдан өтетін жолда жер үстіне, жер астына салынсын, реконструкция жасалсын деген ұсыныс түссе, біз қарастырамыз. Алайда екі жолдың ортасында салынған тұрғын үйлер үшін қауіп жоғары. Осыны ескерген жөн».
Ережеге сәйкес, екі теміржолдың ортасы ашық болуы керек. Темір жол бойындағы нысандардың ара қашықтығы 25- 50 метр болуы шарт. Алайда бүгінде тұрғын үйлер салынып кеткен. Апат орын алса, поездар шойын жолдан шығып баспананы басып қалу қауіпі тағы бар. Үй салуға рұқсат берерде бұл аумақ тексеріліп барып жер үлестіргенде мұндай қиындық болмас еді, дейді теміржолшылар.
Шынар Оразова