Бақытты қалаға қоныс аударушылардың қатары артып келеді

234

Қазақстандықтар жаппай басқа мемлекеттерге көшіп жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда миграцияның өсуі 20 пайызды құрады. 2019 жылдың үш айының өзінде елден 8 мыңнан астам адам кеткен. Олардың көпшілігі Ресей мен Германияны таңдапты.

Басқа өңірлермен салыстырғанда еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарының адамдары шетелге көбірек көшеді. Ал Шымкентте жағдай мүлде бөлек. Үшінші мегаполисте тұруды қалайтын адамдар саны жыл сайын артып келеді. Шымкентке ел азаматтарынан бөлек басқа елдерден де қоныс аударушылар бар. Шетел азаматтары не себепті Шымкентті таңдайды?

Біздің қаламызға соңғы жылдары адамдар тек қонақ болып емес, жұмыс істеп, осында өмір сүру үшін келетін болған. Түсінгеніміздей, көп жандар даму үшін, мансабын тіпті жеке өмірін ретке келтіруге де Шымқаланы қолайлы көреді. 40 жастағы Әлия Баймұрзаеваның Шымшаһарға көшіп келгеніне көп бола қоймаған. Алматыдағы жұмысын тастап, жаңа жерде жаңа өмір бастау үшін еш ойланбастан Шымкентке келген. Ешқандай өкініші жоқ.

Әлия Баймұрзаева: “Шымкент қазір жаңа деңгейде. Мұнда ауа — райы жып-жылы, жақсы. Отбасыммен бірге көшіп келдім. Маған сеніңіз, ешқандай өкінішім жоқ. Даму үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда жұрттың барлығы айтатындай адамдары да ерекше”.

2018 жылмен салыстырғанда қаламызға көшіп келген адамдардың саны 4 есеге дейін артқан. Соңғы тоқсанның өзінде Шымкентке тұрақтап қалу үшін 78 000 адам көшіп келген. Тура бір жыл алдын миллионды қала атанған Шымқала тұрғындарының саны ішкі миграцияның есебінен өсіп жатыр.

Гүлжан Нысанбаева, Шымкент қаласы Полиция департаментінің Көші-қон басқармасының бөлім бастығы: “Соңғы 4 айда тұрақтап тұруға Шымкентке 78 мың адам келген. Өткен жылдары көрсеткіш төмен болатын. Ал қаладан көшіп кеткендердің саны 3 мыңды құрайды».

Еліміздің басқа өңірлеріндегі миграция жағдайы мүлде басқаша. Жыл сайын шығыс және солтүстік өңірлерінен 1000 — ға тарта қазақстандық кетіп жатыр. Ал 2019 жылы Қазақстаннан 8 300 адам кеткен. Оның 2500-нің жоғарғы білімі бар.

Сәулетші, инженер, педагог пен дәрігер мамандығын таңдаған жандар елден көптеп кетіп жатыр. Шымкент мұндай проблемадан ада. Сондықтан да болар еліміздің бақытты қалаларының қатарына еніп отыр. Ол тізімді құру үшін білім, медицина, ауыз су сапасына дейін есепке алынған. Ал Шымкент сөзсіз — бақытты қала. Ол бұрыннан-ақ ең жоғары деңгейде мойындалған.

Н.Назарбаев айтқандай «Шымкент жайлы қала. Өмір бар-ақ рет беріледі. Оны Шымкентте сүру керек”.

Меруерт Ахан