Балалар әлемі қашан да таза әрі аппақ мекен. Бұл мекенге тек көңілі бала сияқты кіршіксіз адамдардың аяқ басатыны рас. Сондай жанның бірі – өңіріміздің тумасы Эльмира Омарбекова. Оны жұртшылық он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері деп біледі. Алайда оның балаларға арнап кітап жазатынын бірі білсе енді бірі біле бермейді. Біз оқырмандарымызға Эльмираны бұл жолы балалар авторы ретінде танытпақпыз.
Ол өзін ең алдымен «ақынмын» дейді. Ал қолөнермен айналысуды уақытты тиімді пайдалану ретінде қарайды. Бүгінге дейін 10-ға жуық кітабы жарық көрген.
–Тырнақалды туындым «Бастау» деп аталады. Оның ішіндегі дүниелердің барлығы балаларға арналмаса да аздап өлеңдер мен жұмбақтар қостым. Бұл кітапқа әр тақырыпқа қалам тербелген жырлар топтастырылды. Одан кейін де «Тасқа біткен жауқазын», «Өмірге ынтық өлеңім», «Жеңіс» сынды жинақтарым жарық көрді. Осылардың ішінде ең жаныма жақыны өзім сондай қалап жазған туындым ол балаларға арналған «Жұмбақтар әлемі» кітабы болды. Соның ішін мен тек кішкентай балдырғандарға арналған сыр жұмбақтармен толтырдым. Бұл кітапты он жыл бойына жаздым. Неге сонша уақыт деп сұрасаңыз айтайын. Өйткені мен осы уақыт аралығында бала психологиясын зерттедім. Балалармен дос болдым. Сөйтіп жүріп олардың тілінде сөйлеуді үйрендім. Олардың түсінігімен күн кештім. Олар өмірді жұмбақ көреді. Мен де өмірге сондай көз қараспен қарадым. Олармен әңгімелесу арқылы не керек екенін білдім. Балғындардың әрбір әңгімесі адамға ой тастайды. Бал тілдерімен сөйлету өте қызық. Олардың жаны сондай таза болғандықтан ойын да таза жеткізеді. Осылайша біз ойнаған кезде оларға қандайда бір жұмбақ жасырсаң, жұмбақты оқып жатып-ақ бірден қабылдайды. Және соның әрбір сөзін терең қабылдағандарын эмоцияларымен білдіреді. Жұмбақтың әрбір сөзін жеке-жеке санасынан өткізеді. Әрбір сөзді қалай қабылдағандарын эмоцияларынан байқауға болады. Көңілдеріне жақса күліп жақпаса мұңайып қалащды. Және сол жұмбақтың шешімін табуға бірден талпынады. Олармен уақыт өткізу барысында зерігу мүмкін емес. Баламен тек баланы жақсы көретін адам ғана жұмыс жасай алады»
Эльмира 12 жасынан бастап қолына қалам алған. Алғашында мысық, әтеш, ит сынды жануарларға тақпақ шығарып бастапты. Автор ол кездегі өлеңдерім шынайы бала көңілден туындағанын айтады.
– 12 жасымдағы өлеңдерім бала жүрекпен жазылды. Өте бір жүрекке жақын, түсінікті болып келеді екен бала күнде жазған дүниелер. Жалпы балаларға өлең жазу өте қиын. Балаларға арналған өлеңдерді, жырларды бала ғой деп қалай болсын солай жаза салуға болмайды. Әсіресе қазір балаларға ұнайтын дүние шығару мүлдем қиындап барады. Олардың өмірі шынайылыққа, тазалыққа, мейірімге толы болады. Балаларға жақын болуымның тағы бір себебі кішкентайымнан балалармен етене араласуымда шығар. Анам өмірден ерте кетті. Ата-анамның менен басқа да балалары көп. Үйге бірінен кейін бірі 4 келін түсті. Олардың баласын әкем екеуміз бақтық. Сол кезден бастап балаларға жақын болдым. Балаға арналған жазбалар телегей еңбекпен келетінін айтқым келіп отыр.
Эльмира араға ұзақ уақыт салып тағы бір балаларға арналған туынды шығару жолында. Ол «Жаңылмаған жаңылтпашар, жаңылмаған шумақтар» деп аталады.
–Бұл кітаптың ерекшелігі тек қана жаңылтпаштарды жаздым. Балалардың қылығынан туған дүние. Бұл 4 пен 7 жасар аралығындағы бүлдіршіндерге өте қызық болары анық. Және тілдерінің шығуына да өте пайдалы болмақ. Қазақтың жаңылтпашы деген баланың ой санасының дамуына және есте сақтау қабілетінің жоғарлауына пайдасын тигізеді. Оны өзім балалармен әңгімелесу арқылы білемін. Олардың ой санасы аппақ қағаз сынды болады ғой. Сондықтан да басынан бастап жаңылпаштарды оқып, оны жаттап өссе еш зияны болмайды. Біреудің тапсырысы екен деп қалай болсын солай әйтеуір бірдеңелерді жаза салуға болмайды. Балаларға арнап бірдеңе жазу үшін де адам бойында адалдық болу керек. Өйткені бала деген періште ғой. Балалар тек жақсылықты ойлайды. Олар жаманға жаман деп қарамайды. Сондықтан ең маңыздысы адам баладай пәк болу керек.
Эльмира мүмкіндігі шектеулі болуына қарамастан артында саналы ұрпақ тәрбиелеуге пайдасын тигізер дүние қалдырғысы келеді. Дегенмен оның әрбір кітабы қиналыспен дүниеге келеді.
–Әрбір кітабымды жарыққа шығарған сайын қиналам. Демеуші іздеймін. Осы тұста мен кезіндегі облыстық Мәдениет басқармасының басшысы болған Күлия Айдарбекова ханымға алғыс айтқым келеді. Ауылымыздың азаматы Кемелқан Қабылбеков мырзаға айтар алғысым зор. Тағы бір кітабымның жарыққа шығуына «Бал текстил» фабрикасының басшысы Талғат аға жәрдемдесті. Осындай жомарт азаматтардың арқасында кітаптарым жарыққа шығып жатыр. Мына жаңылтпаштар кітабыма да қол ұшын созып демеушілік жасап жіберер жан болса үлкен алғыс айтар едім. Қаржының тапшылығынан әлі күнге жарыққа шыға алмай келе жатыр.
Түйін: Балаға арналған туындылар жазатын авторлар аз. Қазіргі бала кітапқа қызықпайды деп кесіп айту да қиын. Егер авторлардың кітаптары шынымен болашақ ұрпаққа тиігізер пайдасы болса нағыз осындай игі іске қолдау көрсету артық етпейді.
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат» газеті, №14, 3 сәуір 2019 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті