Депутаттар Отырар ауданының халқымен кездесті

498

Бүгін Отырар ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Н.Сабильянов, М.Ерман, Ш.Өтемісов және «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасовтар барды.

Бірнеше күннен бері Түркістан облысы аудандарындағы тұрғындармен жүздесіп, ауыл-аймақтың тіршілігімен етене танысып жүрген халық қалаулылары Отырардағы Шілік, Қарақоңыр және Шәуілдір ауыл округтерінің тұрғындарымен кездесіп, арнайы жиын өткізді. Жиынды аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы ашып, жүргізіп отырды. Келелі басқосуда сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұхтар Ерман, Нұртай Сабильянов, Шавхат Өтемісовтер Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстармен, жаңадан қабылданып жатқан заң жобалары жөнінде тұрғындарға жан-жақты түсінік беріп, көпшілікпен пікір алмасты.

Жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзекті деген мәселелерді өздерінің назарында ұстайтындықтарын жеткізді. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Nur Otan» ХVIII съезінде айтқан тапсырмалары бойынша тұрғындарды баспанамен қамту, жалақы мен жәрдемақыны ұлғайту, еліміздегі білім, денсаулық салаларын одан әрі дамыту, көп балалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсету, қоғамдағы жұмыссыздықты азайту мәселелеріне ерекше тоқталған халық қалаулылары, бірлік бар жерде ғана берекелі тірлік пен толағай табыс болатындығын ерекше атап өтті.

Кездесу жиынын қорытындылаған аудан әкімі Ерлан Айтаханов Елбасы Н.Назарбаевтың берген тапсырмаларының ауданда кезең-кезеңімен орындалып жатқандығы жөнінде айтып, арнайы іс-сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғыс білдірді.

Отырар археологиялық – қорық мұражайындағы тарихи құнды жәдігерлермен танысқан халық қалаулылары, бабтардың бабы Арыстанбабтың кесенесіне зиярат етті.

 

QAINAR KÓZОтырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі