Кенеге қарсы залалсыздандыру шаралары басталды

1070

Жиі жауған жауын биыл қырым қанды қызбасына қарсы дәрілеу жұмыстарының уақтылы басталуына кедергі болған. Сала мамандарының мәлімдеуінше, көктемгі дәрілеу шарасына 6 бригада жұмылдырылыпты. Жоспар бойынша олар 76 мың ірі қара, 120 мың уақ мал дәрілеуі тиіс.

Бүгін ветеринарлар қалаға Сайрам ауданынан қосылған «Шапырашты» елді мекенінің ұсақ малдарын тоғытты. Ауыл тұрғындарының атсалысумен 5 мыңнан астам қой дезинфекцияланды.

Ұсақ малдарды тоғыту үшін бірінші кезекте мал тұратын қора тазартылып, қойдың жүні қырқылуы керек. Зиянкеске қарсы дәрінің әсері сонда ғана көбірек болады. Сондай-ақ, ауа температурасы 18 градустан жоғары болуы да маңызды. Жоспар бойынша Шымкенттегі 126 мыңнан астам уақ мал шомылдырылып, 1 млн. 950 мың шаршы метр қора-жай мен жапсарлас аумаққа дәрі шашылады.

Төрәлі Жұбанов, «Вереринариялық қызмет» МКК директорының орынбасары: «Біз жылда әуіт санын көбейтуге әрекетенеміз. Қазір қолда бар әуіттер жеткілікті және көбенде жылжымалы әуіттерді пайдаланамыз».

Бүгін «Шапырашты» елді мекенінде өткен шараға ауыл халқы да атсалысып, қорадағы қойларын тезірек тоғытып алуға асықты. Ветеринарлардың қырым қанды қызбасына қарсы жасаған көктемгі залалсыздандыру жұмысы санитар мамандардың байлауымен жүргізілді.

Төрт түлікті дәрілеуге қажетті 1600 тонна сұйықтық пен 16 мың тонна ұнтақ дәрі қоймада дайын. Санитарлық бақылау мамандарының айтуларынша, соңғы үш жылда Шымкент қаласында қырым безгегіне шалдыққандар жоқ.

Жанар Әбілғазиева, Қаратау аудандық СЭС маманы: «Біз тек қана қырым қанды қызбасына қарсы шараларды қадағалап қоймай, қан алу және басқа да індеттердің таралуы бойынша жұмыстарды бақылып отырамыз».

Шымкенттік санитар-дәрігерлер 2 мыңнан астам кене жинап зертханаға өткізген. Қырым қанды қызбасына тексерілген 176 кене сынамасының төртеуі оң нәтиже беріпті. Алда күн ысыса кене санының көбейері заңдылық. Сол себепті тазалықты бақылаушылар тұрғындарды сақ болуға шақырады. Бүгіннің өзінде бір ғана Қаратау ауданы бойынша 162 адам кене шақты деп шағымданған.

Нұрлан Күдерұлы