Облыс полицейлері мен сот өкілдері кездесті

155

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш кездесуге Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков, Әкімшілік полиция басқармасы, Көші-қон қызметі мен Жергілікті полиция қызметінің полицейлері және Түркістан облысы Азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов бастаған бір топ облыстық сот өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты: «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғындарға ыңғайлы және тиімді болу үшін виртуалды сотпен байланысуды кеңінен түсіндіру, оның жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыру.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар азаматтарға ыңғайлы болу үшін түнгі уақытта сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, «сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервисі арқылы электрондық құжаттарды сотқа беру тәртіптерін түсіндірді.

Сонымен қатар, әрбір адам арнайы «сот кабинеті» қосымшасын ұялы телефонына жүктеп, сол арқылы қажетінше пайдалануға мүмкіндік алады. Сот өкілдерінің айтуынша, кез-келген азамат үйден шықпай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеуге, істердің қарау тізімін, сотқа шақыру туралы хабарламаларды алуға, сот істерін іздеуге мүмкіндік беріледі.

Дөңгелек үстел соңында облыс полицейлері тарапынан сот өкілдеріне сұрақтар қойылып, нақты жауаптары алынды.