Ережеге бағынғысы келмейтін кәсіпкерлерге үлкен көлемде айыппұл да салынады. Ал мемлекеттен тегін дәрі алатын азаматтар өз дәрігеріне рецепт жаздырып алу үшін әр ай сайын баруы керек. Фармация саласына тағы қандай өзгерістер енеді?
Кейбір дәрілік препараттарды рецепсіз сатуға 15 жыл алдын заңмен тыйым салынғанымен, дәріхана иелері оны орындауға асығар емес. Өткен жылдың өзінде рецептсіз дәрі босатқан 24 жағдай тіркеліп, айыппұл салынған.
Ләззат Қашқымбаева, ҚР ДСМ Фармация комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: “Әкімшілік құқық бұзу кодексіне сәйкес, мұндай жағдайда айыппұл мөлшері 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады. Аз ақша емес деп есептеймін. Қазір дәріхана бизнесінің 80 пайызы жекенің меншігінде. Олардың барлығына заңды бұзғаны үшін осындай айыппұл салынады”.
Мемлекеттен тегін дәрі алатын азаматтар енді өз дәрігерінің алдына 5-6 айда бір рет емес, ай сайын баруына тура келеді. Себебі, жаңа өзгеріс бойынша дәрігердің қолынан алынатын рецепт әр ай сайын жазылады.
2019 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда дәрілік заттың 7792 атауы тіркелген, оның ішінде дәрігердің рецепті бойынша 6033-і, рецептінсіз 1759-ы сатылады.
Рецепт бойынша сатылатын дәрілік заттардың тізбесі:
Микробқа қарсы дәрілер;
Гормондық препараттар;
Құрамында есірткі және психотроптық заттары бар дәрілер;
Асқазан — ішек жолдарын емдеуге арналған препараттар;
Рецептсіз босатылатын дәрі-дәрмектер:
Дәрумендер;
Мұрынға арналған тамшылар;
Сироптар;
Шөптен жасалған шәй және жиындар;
Суық тиюге қарсы және ауруды басатын кейбір препараттар.
Дәріні тек дәріқағазбен ғана сату емдік препараттардың бағасын бақылауда ұстау мақсатында енгізіліп отыр. Азаматтардың артық шығындалып жатқанын әділетсіздік деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрі-дәрмек бағасын мемлекет реттеуге көшкенін жариялады.
Осыған дейін қаламыздағы 1180 дәріхана препараттарға түрлі баға қойып келсе, 1 шілдеден бастап ең қымбат деген дәрілер өндіруші босатқан бағадан 10 пайызға, ал арзандарының үстіне 100 пайыздан көп баға қойылмайды.
Меруерт Ахан