Жиі жауған жауын биылғы жылы қырым қанды қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмысының кеш басталуына себеп болды. Сала мамандарының мәлімдеуінше көктемгі дәрілеу шарасына 6 бригада жұмылдырылыпты. Жоспар бойынша олар 76 мың ірі қара 120 мың уақ малды дәрілеуі тиіс. Ал бүгінде қора — қопсыны дәрілеуге ветеринарлар кірісіп кетті.
Қора — қопсы мен жапсарлас аумақты дәрілеу үшін бірінші кезекте төрт түлік иесі қыс бойы қордаланған мал қиын тазартуы тиіс. Сала мамандарының айтуынша әр шаршы метрге есептелген 4 грамм ұнтақ дәрінің әсері сол кезде көбірек болады. Жоспар бойынша 1 млн. 950 мың шаршы метр қора жай мен жапсарлас аумақтарға дәрі шашылады. Әзірге төрт ауданда 420 мың шаршы метр қора өңделді.
Гүлбағира Шойбекова, қала тұрғыны: «Ветеринарлар келіп, ескертпе жасап жатыр. Балалар қалада. Өзім амалдап тазартып қойдым. Әзірге кене байқамадым».
Төрт түлікті дәрілеуге қажетті 1600 тонна сұйық, 16 мың тонна ұнтақ дәрі қоймада дайын. Ветеринарлар ірі қараны бүркуге ауа — райы қолайсыз дейді. Соған қарамастан 17 мың мүйіздіге дәрі шашылыпты. Елді — мекендерде ұсақ малды тоғытуға арналған 21 әуіт бар.
Төрәлі Жұбанов, «Ветеринариялық қызмет» МКК директорының орынбасары: «Біз жылда әуіт санын көбейтуге әрекеттенеміз. Қазір қолда бар әуіттер жеткілікті және көбенде жылжымалы әуіттерді пайдаланамыз».
Санитар дәрігерлер 2000 мыңнан астам кене жинап зертханаға өткізген.176 кене сынамасынан 4 кене Қырым қанды қызбасына қарсы оң нәтиже беріпті. Алда күн ысыса кене санының көбейері заңдылық, сол себепті сақ болуға шақырады. Шымкент қаласы бойынша 257 адам кене шақты деп шағымданған.
Нұрлан Күдерұлы