Елімізде алғашқы лоукостер «Fly Arystan» әуекомпаниясы Алматыдан Шымкентке бірінші сапарын орындады. Алғашқы рейстпен келген жолаушыларды шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қарсы алды. Ал, билет бағасы минималды тарифпен 20 пайызға арзан сатылған.

«Fly Arystan» әуе компаниясының Алматы-Шымкент бағытындағы әуе кемесінің шоссиі жерге тиді. Бұл компанияның Шымкент шаһарына алғашқы рейсі. Әуе кемесімен шырайлы өлкеге табан тірегендердің арасында елімізге танымал «Ринго» тобының әншісі Аян Бірбаев та бар. Ол өзінің ұшу барысындағы әсерімен бөлісті.

Аян Бірбаев, «Ринго» тобының әншісі: «Өте ыңғайлы, таза, жаңа ұшақтар. Мен жаңа ғана Алматыдан Шымкентке ұшып келдік. Біз ұштық, енді одан кейін міне, белдіктеріңізді тағыңыздар, міне төмендейміз дегенге өзім таңқалып қалдым. Қалайша тез ұшып келдік? Өте рахат ұштық. Еш қиындық туғызбады. Сондықтан кеңес берем, осы «Fly Arystan»-ды қолдануға болады».

«Fly Arystan» қазіргі таңда жолаушы тасымалдайтын Қазақстандағы ең арзан әуе компаниясы болып отыр. Құрылғанына 6 жыл толған. Мақсаты – нарық заманында ел тұрғындарына арзан әрі сапалы қызмет көрсету.

Питер Фостер, «Эйр Астана» компаниясының президенті: «Fly Arystan»-ның келуінен кейін жергілікті халық қажеттіліктеріне сай алтын уақыттарын үнемдеп, лоукостермен сапар шегуді таңдайды деген сенімдемін».

Компанияның әуе кемесі бүгін Шымкенттен бөлек, Павлодар қаласына да бірінші рейсін орындады. Бұл бағытқа бұдан соң 180 орындық Airbus A320 әуе кемелері қатынайтын болады. «Fly Arystan»-ды шаһар басшысы алғашқы қадамымен құттықтады.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Мен бүгін Шымкент қаласының тұрғындарын, қала қонақтарын бүгінгі мынау «Fly Arystan» компаниясына бірінші ұшып келуімен шын жүректен құттықтаймын».

Айта кетсек, қазіргі таңда «Fly Arystan» әуекомпаниясында 4 Airbus A320 ұшағы бар. 2022 жылға қарай парктегі әуе кемелер саны 15 данаға дейін жеткізіліп, еліміздің бірнеше ірі қалаларына қосымша бағыттар ашу көзделген.

Нұрлан Пайзов