Шымкентте апат салдары жойылып, сумен жабдықтау жұмысы қалпына келтірілді

281

Күні кеше 22: 20 –да «Су арнасы маркетинг» ЖШС кезекшісіне хабарлама келіп түскен. Қаратау ауданына қарасты «Қайтпас-1» шағынауданындағы Қ.Төлеметов көшесінде 250 мм диаметрлі негізгі су құбыры жарылып кеткен.

Апаттан құтқару қызметі оқиға орнына жедел жетіп, апат себебін жоюға кірісті. Апат салдарынан Шымкенттің 8 мың абоненті сусыз қалды.

«Су ресурстары Маркетингі» ЖШС-нің 22 қызметкері сумен жабдықтау жұмысын қайта қалпына келтіруге күш салды. Сондай-ақ, оқиға орнында 32 қызметкер, 7 техника, 6 өрт сөндіру қызметі мен Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару бөлімшелері тартылды.

Оқиға орнында өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жекеменшік тұрғын үйдің аумағында және ішінара көшедегі суды сорғызды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

18 мамыр күні таңғы сағат 03.30-да 8000 абонентке судың толық жеткізілу мақсатында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.