Бүгінде ауа — райын болжаушылардың айтқаны айдай келетін болған. Соңғы технологияның арқасы. Ал осы заманауи технологиялардың құрылыс саласында пәрмені жүрмей тұр ма, кім білген?!
Негізінде мамандардың миы дұрыс жұмыс істемейді деген дұрыс болар. Өйткені шымқалада ирригациялық жүйені дұрыстау қаншама жыл өтсе де бір жүйеге түспей-ақ келеді. Тіпті көпқабатты үйлердің алдын еңістеу етіп жаңбыр суы ағып кететіндей жасау құрылысшы түгілі қарапайым адамға да түсінікті емес пе?
Тіпті арығы жоқ көшелеріміздің көп екенін қалай жасырайық? Бүгін «жауырыншылар» бұршақ жауады деген. Жауды. Артынан нөсер жауын құйып берді. Осы ақ жауын шымкенттік коммуналшылардың жұмысын аймандай етті. Көше көлкіген суға толды. Кішігірім Венеция дерсіз. Ал әлеуметтік желіде көшедегі көлдің суреттері қаптап кетті.
Қалқаны жоқ көшені айтпағанның өзінде көпқабатты үйлердің төбесінен су саулады. «Нұрсәт» шағынауданындағы №47 үйдің 9 қабатынан аққан су 4-ші қабатқа бір ақ жеткен. Бөлмелердің барлығы да төбеден тамшылаған суға толған. Тұрғындар ашу-ызасын кімге төгерін білмей дал.