Шымкентке джаз музыкасының негізін қалаған Вячеслав Фирсовты еске алу құрметіне концерт өтті. Мұнда джаз жанрының үздік және жаңа шығармалары орындалды. Джаз құдіретін әйгілеген концерт тыңдармандары көп болды.
Саксафонның ғажап үні, пианиноның арбайтын әуені, ұрмалы аспаптардың ерекше тембрі тыңдаған құлақтың құрышын қандырады. Мұны көрерменге кезінде Фирсов Иванович негізін қалаған бигбенд тобы ұсынды. Естіген жанды еліктеретін концертті тамашалағандардың қатарында Фирсовтың отбасы да бар.
Олеся Фирсова, қызы: «Әкеміздің достары мен әріптестері осындай еске алу концертін ұйымдастырғанына қуанамын. Жылда дәстүрлі түрде өткізеді. Оны ұмытпай, әрдайым еске алады. Шымкентте джаз музыкасын қалыптастыру, дамыту және бигбенд құрудағы еңбегін бағалайды. Оның көптеген шәкірттері АҚШ-та, Ресейдегі бигбенд оркестрлерінде өнер көрсетеді. Әкеміздің есімі өшпей келе жатқанына біз тек қуанымыз».
Еске алу кеш барысында қазақ әуендері көп шырқалды. Джаз еркін әуен болғанымен қатар ел мәдениетін таныстыра алатын бірегей құрал. Сондықтан да репертуарларында төл туындылар көп. Топ мүшелері ұстаз есімі ұмытыламас үшін аянбай еңбек етіп келеді.
Серік Аппазов, саксофоншы, биг-бенд тобының жетекшісі: «Елімізде джаз ең әуелі Шымкентте пайда болды. 1967 жылы биг-бенд тобы құрылды. Мен 1979 жылы Шымкентке келіп, осы оркестердің құрамына кірдім. Кентауда да екі биг-бенд болатын. Жалпы Шымкент пен Кентау қалалары джаз музыкасының қайнаған ортасы еді. Ал Вячеслав Иванович Фирсов соның барлығының негізін қалады. Ол джаз музыкасының энциклопедиясына Қазақстаннан енген жалғыз адам».
Фирсов Иванович негізін қалаған биг-бенд джаз музыкасының заманауи стилінде жұмыс жасайды. Өйткені, жас буынның талғамы сол. Осылайша джаз өнеріне жаңа шәкірттер баулымақ. Айта кетейік, Вячеслав Иванович Фирсовтың шәкірттері бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп, тыңдарман құрметіне бөленіп жүр.