Шымкенттегі көше қиылыстарынан полиция қызметкерлерін көрген жұртшылық аң-таң. Әдетте, Бас қаладан келетін меймандар мен өзге де атқамінер-шенеуніктерді осылай сап түзеп күтіп алатын тәртіп сақшылары қазір кімнің жолын тосып жүргенін біз де анықтауға тырыстық.
Шымкенттегі дәл осы көрініске (суретте) жергілікті жұрт таңдана қарап жүр. Тіпті көше тоғыстары мен қиылыстарындағы полиция қызметкерлерінің қазіргі бұл тұрысын өздігінше топшылауға көшіпті.Дамир Райымбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Азанда жұмысқа келе жатқанда байқап жүрміз, жолда жол-патрульдік полициясының қызметкерлері тұрады. Елордадан Министр келе жатыр ма деп, бірнарсе болып қалды ма деп ойлаймыз».
Нұрсұлтан Қожақов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бір айдан бері, осы Қонаев даңғылында полиция қызметкерлері жұмыс жасап жатыр, бірақ не себепті екенін біз білмейміз. Бірақ олардың әр қиылыста тұрғаны дұрыс деп ойлаймын өзім. Себебі сол жерде бір жол-көлік оқиғасы орын алса, тәртіп сақшылар мезет келе қойып, мәселе тез шешіледі».
Тәртіп сақшыларының бұл жол қиылыстарындағы қызметі ай бұрын басталған. Және қала көшелеріндегі 46 жол қиылыстарында кезекшілік жасайды.
Нүркен Таджиков, жол-палтрульдік полиция полкінің аға сержанты:»Шымкентте көлік көп. Сосын бағдаршам көп сөнеді, салдарынан қала аумағында кептеліс көп болады. Көлікті жас балалар тізгіндейді, бағдаршам қызыл жанып тұрғанда кіреді. Жаяу жүргіншілер жолында да адамдарды өткізбей қоятын кездері көп».
Шымкент қалалық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының айтуынша, бұл ауқымды жобаның нәтижесі де жоқ емес. Аз-кем уақыттың ішінде мегаполистегі жол-көлік оқиғасы да анағұрлым азайған.
Ерғали Сүлейменов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы: «Жол кептелісін азайту, жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында таңғы сағат 7-30-нан 9-ға дейін, түскі мезгілде 12-30-дан 14-30-ға дейін, кешкі мезгілде 17-30-нан 19-30-ға дейін жол-патрульдік полициясының қызметкерлері көшеге шығып, жүктелген жұмысты атқарып жатыр. Нәтижесінде, қаладағы жол-көлік оқиғасы — 9 пайызға , одан жарақат алғандардың саны — 8 пайызға төмендеді».
Мегаполистің тынышы үшін ауадай қажет жобаның қашанға дейін жалғасатыны әзірге белгісіз. Бірақ, көрсеткіштің жақсарғаны көңіл қуантады.
Мөлдір Бекеева