Тұтынушыларды мәжбүрлеуге ешкімнің құқы жоқ. Шымкенттегі көпқабатты үй тұрғындары мен газ жабдықтарына қызмет көрсететін мекеме арасындағы дау бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті осылай деп мәлімдеді.

17-шағынауданындағы 6 «А» үйдің тұрғындары үйішілік газ жабдықтарын жөндейтін мекеме келісімшарт жасауға мәжбүрлеп жатқанына арызданған болатын. Тіпті, көпқабатты үйге табиғи газ берілуін тоқтатып тастапты. Тұрғындардың айтуынша қызмет көрсетуге ниетті мекеме мамандары не қызметтік куәлігін, не тиісті лицензиясын көрсетпей, келісімшарттың көшірмесін де бермеген.

Феруза Созақбаева, 17 шағынауданындағы 6 «А» үйдің тұрғыны: «Газбен күрделілік бар. Иісі үнемі шығып тұрады. Үйішілік газ жабдықтарына қызмет көрсететін  мекемелердің қызметкерлері, фирмалар келіп 700 теңге сүрайды. Бланк дей ме ,   тексеру актісіне ме, әйтеуір  бірнешесі  келіп, ақша сұрайды ғой үнемі. Бізге қызмет көрсететін мекеме бар болса да, үсті -үстіне адамдар келе береді ғой. Келісімшарт түзіңіздер деп».

Бұл жағдайға қатысты Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшылығы түсініктеме берді. Құзырлы мекеме басшысының айтуынша, коммуналдық қызмет көрсететін мекеме немесе монополист тұрғындарды келісімшарт жасасуға мәжбүрлеуге құқы жоқ.

Шыңғыс Әжібеков, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы орынбасарының м. а: «Газбен жабдықтау туралы заңның 19 бабы «Тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын пайдалану» тұтынушылар тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасауға міндетті. Алайда тұрғындар қызмет кқрсететін мекемелерді өздері таңдайды, оған мәжбүрлеуге болмады».

Газ беруді ескертусіз тоқтату мына жағдайларда орын алады:

Тұтынушы газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік талаптарын бұзғанда ,
газ жабдығын өз еркімен қосқанда және газбен жабдықтау жүйесі объектілері техникалық істен шыққанда.

Энергетика министрлігінің бұйрығы бойынша жеткізуші тұтынушыны алдын ала хабардар ете отырып, газ беруді мынадай жағдайларда тоқтатады:

Газ үшін дебиторлық берешектің болуы, газ тарату немесе газ желісі ұйымының өкілдерін газ құбырларына, газ жабдығы мен есепке алу аспаптарына жібермеу кезінде.

Газ беруді тоқтату жеткізуші тұтынушыға хабарлама жіберген күннен бастап кемінде күнтізбелік 3 күннен кешіктірмей жүзеге асырылады.

Шынар Оразова