Бөтеннің мүлкін жымқырып, пайда табу мақсатында 4 адамнан құрылған топ Түркістан облысында бірнеше ұрлықтарды жасаған. Соның бір-екеуін айтып өтсек. Өйткені біреудің қателігі өзгелерге сабақ болып, қылмыстың өтеуі жаза екендігі естен шықпаса екен.
Тепсе темір үзетін жастағы жас жігіттер материалдық жағдайларының тұрақсыз болғандығы үшін, бірінші кезекте ақша қажеттілігі туындауына байланысты пайдакүнемдік ниетпен, қылмыстық ойларын жүзеге асырады. Осы мақсатта Ақсукент ауылы, Алматы тас жолы бойында тұрған, ішінде жүргізушілері болмаған, жанында қарайлап тұрған ешкімнің жоқтығын пайдаланып, 3 жүк көлігінің 6 дана аккумляторларын жымқырып, қылмыс жасап, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жәбірленушіге 700 000 теңгеге жуық көлемінде материалдық залал келтірген. Келесі бағыттары Сайрам ауданына ауысқан күдіктілер ауылда орналасқан өндірістік үй-жайға келіп, ешкімнің жоқ екеніне толық көз жеткізіп, үйдің тұрмыстық заттарын жымқырады. Арам пиғылдарын іске асырған азаматтар оқиға орнынан бой тасалап үлгереді. Жалпы келтірілген шығын көлемі 300 000 астам.
Осы сынды тағы басқа 4 үйге заңсыз кіріп, тұрмыстық заттарды жымқырған азаматтар, жәбірленушілерге 2 миллионға жуық шығын келтірген. Түркістан облысы полицейлерінің жедел түрде іздестіру шараларының арқасында 4 адамнан құралған қылмыстық топ ұсталды. Олар сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыс жасау үшін одақтас болуға келіскендері анықталған.
Қылмыстық топтың алдын ала сөз байласуы арқылы, бірнеше рет өндірістік үй-жайға заңсыз кіргендігі айқындалды. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.