Таулы аудан табиғи отынмен толық қамтылады

175

Төле би ауданының елді мекендері келесі жылы 100 пайыз табиғи газбен қамтылады. Бүгінде аудандағы 55 елді мекеннің 36-на көгілдір отын толық берілген. Көмір жаққан төлебиліктердің бүгінгі тіршілігі тамсанарлықтай.

«Қайнар» елді мекеннің тұрғыны Үсіпбаева Райкулдің қуанышында шек жоқ. Бір әулетке түтінімен кіріп, күлімен шығып жүрген келінге, табиғи газдың келуі үйдегі шаруаны едәуір жеңілдеткен.

Райкүл Үсіпбаева, «Қайнар» елді мекенінің тұрғыны: «Көгілдір отын парылдап жақсы жанады. Тірлігі көп ауыл халқы үшін бұл үлкен көмек болып отыр».

Бір ғана «Қайнар» елдімекенінде 290 шаңырақ табиғи газбен қамтылған. Алатау ауылдық округіне қарасты 3 елді мекен маусым айының соңына дейін газдандырылады дейді жауаптылар. Көше бойын жағалай тартылған газ құбырларын, тұрғындар үйлеріне 60 мың теңгеден кіргізе алады.

Болысбек Ешімбеков, Алатау ауылдық округінің әкімі: «Газ мамандарының айтуынша, «Зертас» ГРС соғылған. Қысымы жоғары, ауыл ауылдарға жақсы жетуі керек».

Сонымен қатар, ауданда 8000-нан астам тұрғыны бар 7 елді мекенге газ құбырын тарту жобасы мақұлданған. Құны 1 млрд. 398 мың теңгені құрайтын бастаманы қаржыландыру үшін республикалық және облыстық бюджетке ұсыныс енгізілген. Аталмыш жоба іске асырылса, Төле би ауданы табиғи газбен толық қамтылады.

Ғалымжан Кенжебек