Темір жол маңы мен стансаларында әкімшілік құқық бұзу былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда өскен. Бұл туралы «Отырар» арнасына берген сұқбатында Шымкент стансасы желілік ішкі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Орынбасар Мәмбетов мәлімдеді.
Өткен жылғы 5 ай ішінде 472 жағдай тіркелсе, ал биыл осы уақыт аралығында 511 оқиға орын алған. Оның себебін мамандар қоғамдық орында шылым шегуге тыйым салған заңмен және қала ішінен өтетін темір жолдарда жаяу жүргіншіге арналған өткелдер мен көпірлердің болмауымен түсіндіреді.
Орынбасар Мәмбетов, Шымкент стансасы желілік ішкі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы: «Енді бізде поездан жарақат алу орын алып тұрады. Неге десеңіз, біздің қаламыздың тең жартысын теміржол қиып өтеді. Бұрын жол салынғанда ол жерде елдімекен болмаған. Сондықтан көпір дегендер қарастырылмаған. Оқушылар, тұрғындар осылайша белгіленбеген жерден өтеді. Биылға 8 оқиға болып, 2 жасөспірім жарақат алды. Қуаныштысы өлім жағдайы тіркелмеді».
Меруерт Ахан