Белгілі әнші Валерий Леонтьев Шымкентке келді. Эстрада жұлдызы «Я вернусь» қоштасу туры аясында қала халқына концерт берді. Кештің ерекшелігі сол ол тек ән шырқап қана қоймай, өзін тыңдауға келген көрермендермен сұқбат құрды.
Бұл жолғы концертін бірнеше күнге шегеруге тура келгені үшін тыңдармандарынан кешірім өтінді. Ресейдің Халық әртісі шымкенттіктердің өнерді жоғары бағалап, өзін жылы қабылдауына, ыстық ықыласы мен айырықша қошеметіне алғысын айтты.
Валерий Леонтьев, Ресейдің Халық әртісі: “Қазақстандық көрермендер – ерекше. Сіздерге жиі келуді жақсы көремін. Сіздердің осындай жылы қабылдап, құрмет көрсеткендеріңізге рахмет айтамын”
Белгілі әртіс биыл 70 жасқа толған. Ол егде жасына қарамай ерекше шоу жасап, тыңдармандарын таң-тамаша етті. Тірі дауыста ән шырқап, келушілердің құлақ құрышын қандырды. Оның ерекше өнеріне бас иген жанкүйерлері өнер иесін ерекше қошеметке бөледі.
Жанерке Хумар