Валюта заңнамасын бұзған банктерге салынатын айыппұлдың мөлшері тым аз

146

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері туралы заң жобасы қаралды.

Мәжілісмендер валюта заңнамасын бұзған банктерге салынатын айыппұлдың мөлшерін талқылады

Сұрақ-жауап барысында төменгі палата депутаты Аманжан Жамалов екінші деңгейлі банктерге салынатын айыппұл мөлшері туралы сұрады. Депутаттың айтуынша, заң жобасына сәйкес, валюта заңнамасын екінші қайтара бұзған банктерге 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

Қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері туралы заң жобасы қаралған мәжілістің жалпы отырысында депутаттарды екінші деңгейлі банктерге салынатын айыппұл мөлшері қызықтырды. Ұсынылған заң жобасына сәйкес, валюта бағасымен «ойнап», заңнаманы екінші қайтара бұзған банктерге 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Бұл 37 875 теңгеге тең.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Банктерге арналған айыппұлдың осы мөлшері қалай есептеліп отыр? Өйткені әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, бізде қаржы ұйымдарына банк заңнамасының талаптарын орындамағаны үшін 50-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал валюта заңнамасын орындау банк заңнамасын орындаудың бір бөлігі емес пе?».

Ұлттық Банк төрағасы Е. Досаевтың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, валюта заңнамасын бұзғаны үшін банктерге онсыз да 15 АЕК айыппұл салынып келеді. Енді, қаралып отырған заң жобасына сәйкес, егер қандай да бір банк заңды екінші рет бұзса, онда оған тағы да 15 АЕК деңгейінде айыппұл салу көзделіп отыр.

Ерболат Досаев, ҚР ҰБ төрағасы: «Бұл жаңа норма емес, ол ұлғаймайды. Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығымен кеңескеннен кейін, 15 АЕК – әкімшілік айыппұлдың қолайлы мөлшері деп санаймыз».

Алайда банктер бұл айыппұлды шыбын шаққан құрлы көрмейтінін айтқан мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин 15 АЕК-ті тым аз деп есептейді. «Бос сөзді қойыңдар» деп вице-министрге шүйлікті. Төменгі палата төрағасы Ерболат Досаевқа айыппұл сомасын ұлғайту қажеттігін айтты.

«Екінші деңгейлі банк үшін 15 АЕК деген не? 38 мың теңге банк үшін ақша ма? Былай қарасаң, 50 АЕК те соншалық көп емес. Оның үстіне бұл жерде банк заңнамасын екінші рет бұзу жайы айтылып отыр. Бұл тым аз».

Сондай-ақ, Мәжіліске ұсынылған құжатта 2020 жылы Қазақстанда қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігін құрып, ұлттық банктің бірқатар функциясын осы жаңа органға беру көзделіп отыр.

Шынар Оразова