«Яндекс.Такси»: үнемдеудің тиімді жолы

205

Шаһардағы бірқатар компаниялар өз бизнесін тұрақтандыру үшін шығынды реттеуге кіріскен. Бірі – жарық, су және жылу беру сынды коммуналдық жүйелерді аз тұтынуға көшсе, енді бірі — таксимен жүру үшін қызметтік көлік штатын қысқартып жатыр. Кәсіпорын иелерінің айтуынша, үнемделген қаражат бизнестің дамуына елеулі үлес қосып жатыр.

Қазақстан Президенті бюджет қаражатын үнемдеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының шенеуніктерге берген кеңесіне жергілікті компаниялар да бірден құлақ асты. Соның ішінде «Отырар» медиахолдингі өндіріс шығындарына қоса коммуналдық қызметті де тиімді пайдаланып келеді. Тек бір бұл ғана емес, автокөлікке кететін шығынды да үнемдейді.

Жанна Утебаева, «Отырар» медиахолдингінің қаржы директоры: «Жүргізушілеріміз бұрындары үш компанияда жұмыс істесе, қазір біз бір жүргізушімізді екі бағыт бойынша жұмыс істей алатындай етіп біріктірдік. Бұл біздің журналистерді белгілі бір түсірілімдерге шығуларына және сұхбат алуы үшін қажет».

Ал, «Оңтүстік Құрылыс Сервис» автопарк қызметінен біржолата бас тартқан. Қалада бірнеше филлиалы бар компанияның қызметкерлері күніне көлікпен 20 рет қатынайды. Егер бұрындары кәсіпорын мұндай қызмет үшін автопаркке жүгінсе, қазір «Яндекс такси» қызметін пайдаланады. Есесесіне, шығын 3 есеге азайған.

Гүлім Айтиева, «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС-нің PR-менеджері: «Қаңтар айынан бастап біздің мекеме қызметкерлері «Яндекс Такси» қызметін қолданады. Өте тиімді. Ақша жағынан өте үнемді. Айына 100-150 мыңдай мекемеге ұтымды болып жатыр».

«Яндекс.Такси» қызметін пайдалануға «Aster Auto» ұсталған машиналарды сату және айырбастау жөніндегі компаниясы да көшкен. Онлайн сервистің қызметін олар 5 айдан бері пайдаланып келеді. Айтуларынша, бұл кәсіпорын бюджетін үнемдеуге айтарлықтай көмектесіп отыр.

Ұлан Атақанов, «Aster Auto» ЖШС-нің директоры: «Біздің компанияда автотранспорт бар. Ол клиенттерімізді үйге дейін немесе қандай да бір істер бойынша тасымалдау үшін қажет. Оның біз үшін тиімді емес екеніне Яндекс сервисімен келісімшарт түзгеннен кейін көз жеткізіп отырмыз. Бұл өте тиімді. 3-4 есе арзанырақ шығады».

Шымкенттік кәсіпкерлер шығынды азайту арқылы кәсіпті дамытуға болатынына сенімді.