Жүкті әйелдерге 425 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлейді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың осындай мәлімдемесінен кейін, көпшілік елең ете қалды. Бірақ, бұл әзірге ұсыныс қана. Дегенмен, бұл ақшаның кімге және қандай шарттармен берілетіні көпті қызықтырса керек. Олардың қатарында газет оқырмандары да бар. Ендеше, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап іздедік.
Елімізде ана мен бала мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осыны ескерген биліктегілер көп балалы аналардың жағдайын жақсарту үшін түрлі шараларды қолға алды. 1 сәуірден бастап көп балалы отбасыларға және әлеуметтік жағынан осал топтағыларға берілетін жәрдемақы өсті. Алтын құрсақты аналарымыз жәрдемақыға құжат тапсырып, жанталасып жатқанда денсаулық сақтау министрі елдегі ана мен бала өлімін алдын алу және демографиялық ахуалды көтеру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы ҚР кодексіне жаңа нормаларды енгізу керегін мәлімдеді. Соған сәйкес, жүкті әйелдерге 425 мың теңге көлемінде жәрдемақы беру жайы қарастырылады. Бірақ бәріне бірдей емес. Тек жүктіліктің 12 аптасына дейін есепке тұрып, баласын аман-есен бауырына алған аналарға ғана береді. Онда да баласын босанғаннан кейін төлейді.
АНАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚАРАУЫ ҮШІН
Жағымды жаңалықтан құлағдар болған аналар заңның қабылданғанын асыға күтуде. Нұргүл Жақсыбаева – солардың бірі. Жүктіліктің алғашқы үш айындағы жас ана жәрдемақы туралы естігенде қуанғанын жасырмайды. Айтуынша, мұндай «жағымды сыйақы» әйелдердің бала тууға құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Дейтұрғанмен, Елжан Біртанов бұл бастаманың материалдық жағдайды емес, нәзікжандылардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына бағытталатынын айтады.
Өйткені, бүгінде көптеген әйел өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Әсіресе шалғай жерде, ауылдарда тұратын келіншектер уақытылы дәрігерге қаралмайды. Себебі, күнделікті тірліктің күйбеңінен шыға алмайды. Ақыр соңында сан соғып қалып жататындары бар.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне назар салсақ, елімізде жүкті әйелдердің 20 пайызының ғана денсаулығы жақсы, ал 80 пайызының денсаулығында түрлі ақау бар екен. Бүгінде жүкті әйелдердің 70 пайыздан астамы ауыр экстрагениталды және акушерлік патологияларға байланысты ауруханаға жатқызылады. Жүктілігі бойынша есепке алынған әйелдердің 11 пайызы мерзімнен бұрын босанады екен. Мәселен, былтыр еліміз бойынша 402 209 бала өмірге келсе, олардың 23 900-і мерзімінен бұрын туғандар. Шала туған нәрестелердің 350-ге жуығы реанимация бөлімінде ем қабылдаса, әрбір мыңыншы баланың 9-ы шетінеген. Дәрігерлердің сөзінше, бала өлімінің жартысының көбіне ананың уақытылы дәрігерге қаралмауы, өз денсаулығына салғырт қарауы себеп болған.
ҮШ АЙДА 615 НӘРЕСТЕ ШЕТІНЕП КЕТКЕН
Қазақстан статистика комитетінің хабарлауынша, 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында 615 нәресте шетінеп кеткен. Былтыр бұл кезеңде өлген бала саны 587 еді. Бала өлімі былтырмен салыстырғанда 4,8 пайызға өскен.
Комитеттің жазуынша, нәрестелер өлімінің негізгі себебі — перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар. Шетінеген 615 сәбидің 323-і босануға дейін не кейін туған аурулардан көз жұмған. Туа біткен ауытқулардан – 113, тыныс алу органдары ауруларынан – 56, жазатайым оқиғалардан, улану мен жарақаттардан – 19 сәби шетінеген.
Өкінішке қарай, Шымшаһардағы ана мен бала денсаулығына қатысты ахуалды біле алмадық. Денсаулық сақтау басқармасындағылар мұндай мәліметтермен бөлісу “имиджімізге кері әсер етеді» деп үрке ме, әйтеуір статистиканы сөйлетуге құлықсыздық танытты.
Қалай десек те, ана мен бала өлімін азайту – мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. Сол бағытта талай жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығы бөлімінің басшысы Инна Михаилқызы Глазебнаяның айтуынша, әйелдің жүктіліктің алғашқы 3 айында емханаға есепке тұруы олардың жұмысын жеңілдетіп, жақсы көрсеткішке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Яғни ананың да, баланың да денсаулығын нығайтуға, өмірін өлімнен арашалап қалуға септігін тигізеді.
ДЕНСАУЛЫҒЫН КҮТПЕСЕ, ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛЕДІ
Егер ұсыныс қабылданса онда денсаулығына немқұрайлы қараған әйелдер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
«Біз ана мен баланың денсаулығына бағытталған шаралар кешенін ұсынуды жөн көрдік. Атап айтсақ, оларды дер кезінде есепке тұруға ынталандырғымыз келеді. Сондай-ақ, уақытында есепке тұрмайтын, дәрігерге қаралмайтын, екпеден бас тартатындар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсындық,-деді министр Біртанов.
Айта кетейік, мұның барлығы Денсаулық сақтау министрлігінің әзірге қағаз жүзіндегі жоспары ғана. Қазір бұл ұсыныстардың барлығы талқыланып жатыр. Құжат Мәжіліске маусымда ғана жетеді.
ТҮЙІН. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде репродуктивті жастағы, яғни бала тууға қабілетті 3,5 миллиондай әйел бар. Солардың тек 200 мыңнан астамы ғана бүгінгі таңға жүктілік бойынша диспансерлік есепке тіркелген. Енді бұл ұсыныс қолдау тапса, жүктілігі бойынша есепке тұрғандардың қатары артса керек. Әйелдерді ынталандыру жақсы-ақ! Бірақ дүние есігін ашқан балақайлар ақша алудың құралы емес, жоспарлы жүктіліктің әрі бақытты махаббаттың жемісі болса одан да жақсы.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ