Жетісайлық жас италияндық әдіспен өнім көлемін арттыруда

191

Жетісай ауданында 2014-жылы бастау алған ауыл шаруашылығы егістік алқаптарын әртараптандыру ісі бүгінде өз нәтижесін беруде. Әртараптандырудың мақсаты – егіс алқаптарындағы мақталық гектарды азайтып, оның орынына өнімі мен табысы мол бау-бақша дақылын егуді көбейту. Яғни, қауын-қарбыз, дәндік жүгері, жоңышқа және көп жылдық алма-жүзім.

«Ж.Ералиев» ауылдық округінде орналасқан «Аботя» жеміс-жидек шаруа қожалығы биыл алғаш 2014-жылы 20 гектар алқапқа бау көшеттерін отырғызған. Оның 7 гектары Италияның «Гренни-Смит», «Гала» және «Голден Дилешес» сортты алма болса, 13 гектары «Султанина», «Мускат-Александриский» сортты жүзімдері. Италия елінің «Витафрут» компаниясымен келісімшарт жасасқан шаруа қожалық мамандары көшеттерді күтіп-баптаудың да қыр-сырын сол жақтан үйреніп келген.

Жас та болса Израиль елінен тәжірибе жинақтап келген шаруа қожалық иесі Сұлтан Жолдасбаев енді өз білгендерін аудан дихандарымен де бөлісіп келеді.
«Италияндық көшеттер отырғызылған күннен бастап есептегенде 1 жылдан кейін-ақ өнім бере бастайды. Алма мен жүзімнен шілденің ортасынан бастап қарашаға дейін өнім аламыз. Аудандағы баумен айналысқысы келетін шаруа-дихандар тарапынан негізінен көшеттерді отырғызу, оны күтіп-баптау, суғару сынды табысты, мол өнімге қол жеткізу жолындағы мақсатты жұмыстардың реті жайындағы сұрақтар көп қойылады. Еңбек етіп, дұрыс күтіп-баптай білсек кез-келген дақыл жақсы өнім береді» дейді «Аботя» шаруа қожалығының басшысы Сұлтан Ерболұлы. Қожалықтың тағы бір ерекшелігі – ағын су тапшылығының алдын алу, үнемдеу мақсатында 20 гектар жерге түгелдей тамшылатып суғару әдісін енгізген. Алдағы уақытта шикізатты өңдеп, алма, жүзім шырынын жасап, алма қақтарды сауда нарығына шығару жоспарлары бар екен.

Қожалық алма мен көп жылдық жүзімнен бөлек 185 гектар жерге мақта дақылын, 200 гектарға қауын-қарбыз егіп отыр.

Айта кетейік, жас та болса толағай табыстарға жетіп жүрген Сұлтан Жолдасбаев жыл басында «Нұр-Сұлтан» қаласында өткен «2019-жыл – Жастар жылының» салтанатты ашылуына Жетісай ауданының атынан қатысып, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевпен жүзбе-жүз кездесіп те қайтқан.

Негізгі өнімі ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты ауданда халықтың еңбек ете отырып әлеуетін арттыруларына осылайша жағдайлар жасалуда. Тіптен, ауданда егістік алқаптарын әртараптандырып, ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісін қолдану бағытында арнайы бағдарлама жасалып, Үкіметте қолдау тапқан.

Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан бау-бақша егудің тиімділігі, оларға мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемі мен қолдаулар жайында, өндірілген бау-бақша өнімдерін сақтау, сату жолдарын кеңінен түсіндіру мақсатында да жұмыстар аз атқарылып жатқан жоқ. Өйткені, әртараптандыруды жолға қою өз кезегінде мол табыс көзі ғана емес егістік жердің құнарын сақтаудың да тиімді жолы болмақ.