Кезінде қоқыс тастайтын жерді 25 жылдан бері құжаты болмаса да өзінікі санап келген тұрғындар өз қолымен абаттандырған. Алайда, телімнің қожайыны бар болып шықты. Онымен келіспеген тұрғындар бейнетпен баққа айналдырған жерге құрылыс жүргізуге қарсы болып отыр.

Жиделі ауылындағы мына жер әуел баста қоқыс үйіндісі болған. Жергілікті әкімдік кезінде Өзбекстаннан қоныс аударған қандастарымызға аймақты тазартып, пайдалануға ауызша рұқсат беріпті. Тұрғындар жерді бауға айналдырып, жайқалтып қойғанда телімнің иесі табыла кеткен.

Бауыржан Ерімбетов, ауыл тұрғыны: «Осындай өтірік шешіммен жүрген Құдай біледі 15-20 адам бар. Солардың бәрі осылай келеді енді. Жалғыз бұл ғана емес, арғы жақта да жерлеріміз бар. Ол жақта да иеленіп жатыр. Олардың бәрі-біріне бірі сатып, солай шешім шығарып алған».

Жер иесінің де айтар өз уәжі бар. Телімді үй тұрғызу үшін 3 жыл бұрын сатып алған. Оны растайтын құжаты да қолында. Алайда, тірнектеп жиған табысына алған бұл жерге құрылыс жұмысын бастай алмай отыр.

Сымбат, жер иесі: «Біресе келеді, сотқа береді. Трактордың алдына жатып алады. Құрылысты бастап едім, арықтардың бәрін жауып, ішін бәрін толтырып тастады. Ағаштардың бәрін кесіп кетіпті. Енді 3 жылдан бері істей алмай жүрмін».

Екі жақты дау туралы жергілікті биліктің хабары бар. Олардың айтуынша, заң үкіміне қарсы келу мүмкін емес. Алайда, тұрғындар бұған мойынсұнғысы келмейді. Олардың ашуын басу үшін кейде шенеуніктер араға полиция қызметкерлерін салуға тура келетіндігін айтады.

Мейіржан Ажидин, Шымкент қаласы Абай аудандық әкімдік аппаратының бас маманы: «Халықта өздерінің бұрыннан пайдаланып жатқан жерлері болған соң, түсінгісі келмей тұр. Ол кісінің үстінен 3 рет сотқа берді. Ол кісі 3 ретте жеңіп шықты. Тұрғындарға алдағы уақытта тағы да түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Бұл мәселе шешімін табады деген ойдамыз».

Жерді 25 жылдан бері сырттай иемденіп келген тұрғындар сот шешімімен келіскісі келмейді. Заңды қожайыны да көпке қарсы шыға алмай, не істерін білмей дал. Бұл туындаған мәселе немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Десе де, жағдайдың одан әрмен қалай өрбитінін бақылап отыратын боламыз.

Айя Мүтәлі