Шымкент аспанында жүздеген батпырауық қалықтады. Қала күні мерекесіне орай «Тәуелсіздік» саябағында батпырауықтар фестивалі өтті. Мұндай шара шаһарымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, оқу жылын аяқтап, демалысқа шыққан балалардың жазғы маусымын қызықты өткізуге атсалысу. Іс-шараға қатысқан балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тегін балмұздақ пен түрлі-түсті батпырауық таратылды.

Сонымен қатар, балақайларды кәсіби аниматорлар мен қуыршақ театрының әртістері де қуантты. Зияткер жастарға шахмат ойындары ұйымдастырылған. Жалпы фестивальге жиналғандар ұзындығы 20 метр болатын түрлі-түсті батпырауықтардың әсем көрінісін тамашалап, балалық шаққа саяхат жасады.

Айя Мүтәлі