фото Tengrinews

Шымкентте қоғамдық көлік жүргізушісін өзінің көлігі басып кетті. Автобустың астында қалған азаматты жедел жәрдем қызметі ауыр халде ауруханаға жеткізген. Оқыс жағдай салдарынан азаматтың бас миы, көкірек тұсы жарақаттанып, асқазаны жарылып кеткен.

Әлсін-әлсін сөйлеп жатқан бұл азаматты өз көлігі басып кетті. Өз автобусын жөндеп жатқанда, көлік қозғалып кеткен. Нәтижесінде ер кісі өз автокөлігінің астында қалып, ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оны бір аптаға жуық жансақтау бөлімінде бақылап, өлім аузынан алып қалыпты.

Жорабек Сүйгенбаев, дәрігер-хирург: «Жарақаты көп. Бас бет сүйегі сынған, 6-7 қабырғасы сынған».

Бұл жағдай бойынша құзырлы орган өкілдері телекамера алдында сөйлеуден бас тартты. Ресми жолданған сұрауымызға хат арқылы жауап берумен шектелді. Үшбу хатта бұл факті тіркелгенімен, қылмыстың нышаны жоқ болғандықтан іс қысқартылғаны айтылған.

Құзырлы орган өкілдерінің мәлімдеулерінше, жыл басынан бері қоғамдық көліктердің қатысуымен екі жол апаты тіркелген. Қала ішінде қатынайтын автобустардың қатысуымен орын алған оқыс жағдайда екі азамат қаза тапқан. Көпшіліктің пікірінше, қала ішінде қатынайтын осы қоғамдық көліктер жолаушылардың қауіпсіздігінен гөрі, бәсекелестікті басым қояды.

Халықтың шыдамы шегіне жеткенімен, қоғамдық көлікпен қатынаудан басқа амалдары жоқ. Таксиге мінейін десе қалтасы көтермейді. Ал, қоғамдық көлік жүргізушілерінің салғырттығы осылай жалғаса берсе, жарақат алатындардың көбейе берері сөзсіз.

Лаура Нақыпқызы