Шымкент қалалық қуыршақ және жас өспірімдер театры 35 жылдық тарихында алғаш рет драма сахналамақ. Осыған орай театр ұжымы премера алдындағы таныстырылымын жасады. Сахна сыртында тек қуыршақтарға жан бітіріп жүрген әртістер енді өз келбетімен көрермен алдына шығады.
Премьера ретінде шығыс халықтары арасында кең таралған «Ләйлі — Мәжнүн» шығармасы таңдалып алынған. Қоюшы режиссердің айтуынша, қойылымның негізгі мақсаты адамгершілік азайып бара жатқан уақытта махаббаттың құндылығын көрсету. Адами қасиетті дәріптеу.
Байқағанымыз спектакль барысында сіз күтпеген режиссерлік шешімдер орын алады. Қойылым соңы мүлдем басқа бағытта аяқталуы ғажап емес. Ең бастысы, театр сахнасында ежелгі шығарма арқылы бүгінгі күннің мәселесі қаузалады. Ерекше қойылымға куә болғыңыз келсе 18, 19, 20 маусым күндері кешкі сағат 18:00-де Қуыршақ және жасөспірімдер театрына барыңыз.
Самат Алтаев, қоюшы режиссер: «Ләйлі Мәжнүннің махаббаты адамдарды достыққа, махаббатқа, құрметке әкелетін махаббат. Олардың арасындағы сезім тек екеуімен шектеліп қалмауы керек. Ол бізге дейін келген, бізден кейін де жалғаса береді. Біздің мақсат та осыны көрсету. Сондықтан тек қуыршақтарды сөйлетіп жүрген әртістеріміздің өнерін көріп, махаббат әлеміне самғағыңыз келсе, біздің премьераға келіңіздер Біз баршаңызды күтеміз».
Жанерке Хумар