Қаланың қақ ортасында қай мекеменің құрылыс жүргізіп жатқанын шенеуніктердің өздері де білмейді

367

Шымкенттегі 17-ші шағынаудан тұрғындары көпқабатты үйлерге жақын жүргізіліп жатқан құрлысқа қарсы. Техниканың тарсылы мен шаңнан шаршаған азаматтар арнамызға арызданды. Шағын ауданның шаңға малынғанын айтпағанда, балалар алаңшасында ойнайтын бүлдіршіндердің өміріне қауіп төніп тұр дейді. Ең қызығы қаланың қақ ортасында үлкен құрылысты кім жүргізіп жатқанын шенеуніктер де білмейтін болып шықты.

Шағынауданның шаңға малынғанын айтпағанда, балалар алаңшасында ойнайтын бүлдіршіндердің өміріне қауіп төніп тұр дейді. Осы шағымдарын бірнеше мекемеге жолдап нәтиже шығара алмаған көпшілік жанайқайларын біздің арнаға жеткізді.

Бұл күндіз — түні шаң тозаңға малынып, техниканың тасырлаған үнінен жүйкелері тозған тұрғындардың жанайқайы. Күнгейдің аптап ыстығында кешкісін терезені ашып, салқындай алмай қалғанын айтпағанда, жазғы демалыста жүрген бүлдіршіндердің ойнайтын жері жоқ. Тау болып үйілген топырақ пен қазылған ордан қауіптеніп отыр.

Ал мынау шағынаудандағы бұрынғы апатты деп танылып, артынан бұзылған №24 мектептің орны. Кейін білім ошағы басқа жерге салынып, бос жер аукцион арқылы саудаланған екен. Құрылысты кімнің жүргізіп жатқанын ешкім білмейді. Тіпті басында жүрген жұмысшылар да бұл сұраққа жауап бере алмады. Белгілісі, бұл жерде 9 қабатты 54 пәтерлі үй бой көтереді екен

Еңбекші ауданы әкімдігі бұл жағдайды біледі екен. Және тұрғындардан келіп түскен арызды қаладағы құрылыс барысын қадағалайтын мекемеге жолдапты.

Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Бізге 17 шағынаудандағы №18 үй тұрғындарынан арыздың келіп түскені рас. Бірақ біздің құзырымызға құрылыс нормаларын бақылау кірмейді. Сол себепті біз арызды қалалық құрылыс және сәулет басқармасына және мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына жолдадық”.

Қаланың қақ ортасында қай мекеменің құрылыс жүргізіп жатқанын шенеуніктердің де білмейтіні қызық. Бірақ анықтап, заң бұзылған жағдайда шара көруге уәде берді.

Нұрлан Күдерұлы