Ағымдағы жылдың наурыз айының 9-нан 10-на қараған түні Келес аудандық полиция бөлімінің полицейлері заңсыз балық ұстаушыларды анықтауға арналған «Бірлескен табиғатты қорғау» жедел алдын алу іс шарасын өткізді.
Аталмыш іс шараны «Охотзоопром» ӨБ республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны, «Түркістан облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» мен Келес аудандық полицейлері бірлесіп өткізген рейдтік шара барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Нақты мысалдармен айтар болсақ, Келес ауданына қарасты Шардара су қоймасының айдынынан заңсыз балық аулаған азаматтар ұсталды. Іс шараға тыңғылықты әзірлікпен шыққан сақшылар 2 браконьердің заңсыз әрекетінің үстінен түсті.
Арнайы тексеру шаралары кезінде белгілі болғандай, олардың жанында резеңке қайығы мен балық аулауға арналған заттары болды. Ал, қайықтың ішін тексеру барысында сым жалғанған арнайы электр сүзгіші, арнайы жарық бергіш құралы мен қызыл кітапқа енген бірқатар балық түрлері анықталып,тәркіленді.
Заңсыз балық аулау жайтымен ұсталған екі азаматтың жұмыссыз, жергілікті тұрғын екендігі белгілі болды. Аталмыш жайтқа байланысты Келес АПБ-нің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу» бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеп-тексеру амалдарын атқарды.
Нәтижесінде, полицейлер олардың адамдар тобымен алдын-ала сөз байласуы арқылы арам пиғылдарын іске асырғаны анықталып, іс сотқа жолданған. Келес аудандық сотының шешімімен заңды белшесінен басқан браконьерлерге 2 жылға балық аулау құқығынан айыру мен 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылды. Осылайша, ұсталған азаматтар заң алдында жауап берді.