Ұялы телефон ұрлатпаудың жолы қайсы?

668

Бүгінде қалта ұрылары көбейген. Оның ішінде ұялы телефонды ұрлайтындар саны артты. Бұл ұрлық түрінің көбеюіне басты себеп — ұрланған телефон ұсталған болса да, базарларда сатуға мүмкіндік бар, бөлшектеп сатуға да болатындығы. Осы арқылы ұрылар өздеріне пайда табуды көздейді. Дегенмен, өзгенің дүниесі біреуге олжа болмасы анық.

Ұрлық жасау Алла алдында да, Заң алдында да қатаң жазаға тартылады. Сондықтан кінәлі іс жасап, дүние тапқанша, адал еңбекпен нан тауып, жан баққанның жолы болмақ. Жалпы Түркістан облысы Полиция департаментінде 2019 жылдың 5 айында 286 ұялы телефон ұрлығы тіркелген. Оның 116 қылмысы ашылып, ашылу пайызы 41,1-ді құрады. Ұрлықтың ашылу деңгейі өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда 14%-ға жақсарған.

Бүгінде ұялы телефон ұрлығының алдын алу, ізін суытпай ашу, мүлдем болдырмау мақсатында ұрланған телефондарды дер кезінде криминалдық есепке қою жұмыстары жүргізілуде. Бұл, өз кезегінде күнделікті бақылауға алынған. Оған қоса, базарлардағы ұялы телефон сататын орындарға тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Жалпы, облыс тұрғындарына, Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өз мүлкіңізге сақ болуды ескертеді. Ұялы телефонды ішкі қалтаға салып жүруге кеңес береді. Сондай-ақ, сөмкеге салсаңыз аузын мықтап бекіту қажет, осындай қарапайым ережелерді сақтай отырып, қалта ұрыларының жолын кесуге болады. Ал, ойы басқа, қолының сұғанағы бар жандарға «Ұрлық түбі – қорлық» демекпіз. Кез-келген заңға қарсы жасалған жайттар, ұрлықтар ашылмай қалмайды. Қылмысыңыз анықталса, бас бостандығыңыздан айырылып, жазаға тартыласыз.

Дегенмен отбасында жақсы тәрбие берілсе, араласатын ортасы адамгершілігі жоғары мәдениетті болса, мұндай құқықбұзушылыққа бейім азаматтар шықпас еді. Сондықтан бірінші кезекте баланы жақсы жаққа тәрбиелеуге кірісуіміз керек. Ұрлықты болдырмаудың алғы шарты – осы болмақ.