Ә. Көмекбаев: «Тексерушілерді күтіп алып, шығарып салуды тоқтату керек»

230

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаевтың төрағалығымен жергілікті атқарушы органдардың Әдеп жөніндегі уәкілі мен аумақтық органдардың Әдеп жөніндегі уәкіл функциялары жүктелген қызметшілер және «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, Арнайы мониторингтік топтың өкілдері қатысқан семинар өтті.

Жиында Мемлекеттік қызметшілердің іс-сапардағы және қызметтік қажеттілік бойынша тұрақты орналасу шегінен тыс өзге де шығулар тәртібі түсіндірілді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес мемлекеттiк қызметшілерге қызметтiк iс-сапарларға баруға арналған шығыстары өтеледi (57-бабы 1-тармағы). Оның ішінде, iс-сапарда болған уақытына тәулікақы, межелі жерге жету және кері қайту, жүріп-тұру, тұрғын үй-жай жалдау шығыстары мемлекет есебінен төленеді. Бұл ретте, заңнамада бекітілмеген мемлекеттік қызметшілерге іс-сапар шығыстарын өтеу, оларға арнап дастархан жаю немесе көңіл көтеру шараларын ұйымдастыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ретінде бағаланатындығын ескертілді.

Құрметті әріптестер, тексерушілерді күтіп алып, шығарып салуды тоқтату керек. Оның жауапкершілігі Сіздерге бір рет емес бірнеше рет түсіндірілді. Бүгінгі айтылған әрбір сөзімді барлық мемлекеттік қызметшілерге жеткізу қажет.

Сондай-ақ, іс-сапарда жүрген лауазымды тұлғалар өзінің мінез-құлқымен және сыртқы келбетімен азаматтар мен басқа мемлекеттік қызметшілер үшін үлгі болуға тиіс.
Сыйлықтар алуға, жол жүру билеттерін, қонақ үйде тұруын төлеуге, дастархан басындағы отырыстарға қатысуға, сондай-ақ спирттік ішімдіктерді ішуге жол берілмейді» — деді іс-шарада сөз алған Ә.Көмекбаев.

Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің іс-сапардағы және қызметтік қажеттілік бойынша тұрақты орналасу шегінен тыс өзге де шығулар тәртібі туралы жадынама таратылып, аталған жадынамамен кез-келген тексеруге келген құзырлы органдардың өкілдерін таныстыру қажеттігі жеткізілді.

Айта кетейік, аталған бағытта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің тапсырмасына сәйкес Агенттіктің аумақтық департаменттері мен қоғам өкілдері бірлесе тұрақты түрде алдын алу шараларын жүргізіп отыратын болады.