25 баланы қауіпті аймақтан аман-есен алып шыққан

144

Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай талай тағдырларды бір сәтте тәлкекке салып қойғаны жасырын емес. Снарядтардың үздіксіз жарялуына үрейленген жұрт қайда барып бас сауғалайтынын білмей дал болып қалды. Солардың бірі Жетісай ауданы, Мақталы ауылдық округі, Сарқырама елдімекенінің тумасы бүгінгі таңда Арыс қаласында тұратын Гүлнұр Намиалиева.

Гүлнұр күнделікті тіршілігімен Арыс қаласындағы «Бал-сая» бөбекжай балабақшасында тәрбиеші қызметін атқарып жүрген. Таңғы сағат 9-30 дар шамасында кенеттен бомба жарылып, жұрт жапатармағай көшеге ұлардай шулап қала берді. Осы сәтте бомба жарылды деп жұмысын тастап кетпеген Гүлнұр балалардың ата-аналарына хабарласып, бірнешеуін ата-аналарына табыстап та үлгеріпті. Алайда 25 баланың ата-анасы өз уақытында келмегендіктен өзі 25 баланы балабақшадан алып шығып, қауіпсіз жер іздеп кете барыпты.

Намиалиева Гүлнүр Усенқызы 25 баламен келе жатып жолда өтіп бара жатқан «ГАЗ-53» жүк көлігін тоқтатып, балдарды өзі көлікке көтеріп мінгізіп, Қазығұрт ауданы, Рабат ауылдық округі, Атбұлақ ауылындағы «Айша-1» балабақшасына орналастырады. Сөйтіп, бүлдіршіндердің ата-аналарына хабарлап, осы жерден 23 баланы өз ата-аналарына аман-есен табыстаған. Алайда қалған 2 баланың ата-анасы келмегендіктен Мақталы ауылдық округіндегі өзінің әкесі Намиалиев Усенге хабарласып, эвакуациялық орынға шақыртыпты. Өзінің жеңіл авто көлігімен шұғыл түрде жеткен Усен Намиалиев жан-жақа хабарласып, қалған 2 баланың туыстарын Сарыағаш ауданы, Қызыләскер ауылдық округінен тауып, балаларды түнгі сағат 22-00 де апарып берген.

Намиалиева Гулнұр Усенқызы бүгінгі таңда Мақталы ауылдық округіндегі өзінің ата-анасының үйінде 2 баласымен бірге уақытша тұрып жатыр. Атылған бомбадан көздері ісіп, құлақтары ауырып қалған. Гүлнұрдың өз қызметіндегі адал ерлігін ескерген Мақталы ауыл округінің әкімі Берік Қасымов пен ауыл биі С.Мамыров Гүлнұрдай батыр қызды тәрбиелеген ата-анасына өз алғыстарын білдіріп, округ аумағынан құрылған «Туған жерге мың алғыс» қайырымдық қоры арқылы, қор басшысы А.Қожабаевтың басшылығымен Гүлнұрға 20 000 (жиырма мың) теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Алтын жүректі Гүлнұр әкімшілік тарапынан берілгелі тұрған азық-түлік және өзге де керек-жарақты алудан бас тартыпты.

Айта кетейік, бүгінде Мақталы ауыл округінде қайырымды жандардың арқасында «Арысқа көмек» акциясы аясында азық-түлік себеттері әлі де жиналуда.