Шымкентте 480 азамат «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болуы үшін өтініш білдірген. Әзірге солардың жартысынан астамы аталған бағдарлама аясында пәтер алыпты. Қалған өтініштер қаралып жатыр екен. Демек, таяуда тағы бірқатар шымкенттік отбасы пәтер алып, қоныстойын тойлайды. «7-20-25» бағдарламасы Бағдарлама тұрғын үй нарығындағы шиеленіскен түйінді қалай шешеді? Басқа бағдарламалардан артықшылығы қандай? Басымдылық кімдерге беріледі? Мақаламыз осы сауалдарға жауап береді.

256 АДАМ ПӘТЕР АЛДЫ

Баспаналы болу – кез келген жанның арманы. Ел үкіметі халықты баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған біраз бағдарламаны қолға алды. «7-20-25» бағдарламасы соның бірі. Осы бағдарлама арқылы көп қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Шымкент қалалық тұрғын үй секторы және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлінің айтуынша, аталған бағдарлама Шымшаһарда 2018 жылдың шілде айынан бастап жүзеге асырыла бастады. Нәтижесінде 4 903,9 млн теңгені құрайтын 480 өтінім қабылданған. Бүгінгі таңда сол өтінімдердің 256-сы ғана мақұлданып, 2 705,9 млн теңгеге несие рәсімделген.
– Бұл бағдарлама төменгі пайызбен, тиімді шарттармен баспаналы болудың бірден бір жолы болып отыр. Бұған кез келген азамат қатыса алады. Артықшылығы мұнда – «5 жылға дейін мүлік болмауы керек. Шымкенттегі тұрғылықты мекенжайың 3 жыл болуы керек» деген талап жоқ, – дейді Марат Оразәлі.

Ең бастысы:
– ҚР азаматы болу керек;
– Ипотекалық қарыз болмауы керек;
– Сол күнге иелігінде мүлік болмауы керек;
– Төлем қабілеттілігін растауы керек.

ҚҰЖАТ ТАПСЫРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Бағдарламаның тағы бір артықшылығы – мұнда еш жерге құжат тапсыру қажет етілмейді. Еліміздің кез келген қаласынан өзіңізге ұнаған жаңадан салынған тұрғын үйді таңдап, сол үйдің құрылысын жүргізіп жатқан компанияның кеңсесінен пәтердің құнын білесіз. Сосын банкке барып, төлем қабілетіңізді тексертсеңіз болғаны. Егер банк сіздің төлем қабілетіңізді растаса, компанияның кеңсесіне барып, таңдаған үйіңіздің техникалық куәлігінің көшірмесін алып қайта банкке барасыз. Сөйтіп, пәтерді өз атыңызға несиеге рәсімдейсіз. Дәл осындай жолмен 2018 жылы 97 адам баспаналы болыпты.

Айта кетейік, қалада бұл бағдарлама бойынша 8 банк қызмет көрсетеді. Олар:
– «Халық банкі»;
– «RBK банкі»;
– «Eurasia банкі»;
– «Forte bank»;
– «Цеснабанк»;
– «АТФ банк»;
– «Банк центр кредит»;
– «Сбербанк».

Басқарма басшысының айтуынша, баспаналы болып жатқан тұрғындардың көбісі өз несиелерін – «Банк центр кредит» арқылы рәсімдеген.
Ескеретін жайт, бағдарлама ережесіне сәйкес, таңдаған үйдің құны 25 млн теңгеден аспауы керек. Одан арзандары құпталады.

НЕСИЕ ТАРИХЫНА ДА ҚАРАЙДЫ

Бүгінде несиесі жоқ немесе кезінде бірде-бір рет несие рәсімдемеген адам кем де кем шығар. Сәйкесінше, несиесін уақытында төлей алмай, «қара тізімге» ілінгендер де көп.
Шымкент қалалық тұрғын үй секторы және тұрғын үй инспекциясы басқармасының несиелендіру және жекешелендіру бөлімінің басшысы Гүлнара Аширбаеваның сөзінше, бағдарламаға қатысушылардың аз болуы осыған тікелей байланысты.

– Банк өтініш берушінің соңғы 3-5 жылғы несие тарихын тексереді. Егер несиенің, тіпті ол жабылған несие болса да кешіктіру уақыты 90 күннен асқан жағдайда «мақұлдау» алу қиын. Банк азаматтың «қарызын» уақытылы төлеп тұратынына күдікпен қарайды. Бұдан бөлек ипотекасы барлар да бағдарламаға қатыса алмайды,- дейді бөлім басшысы.
Ал мұрагерлік үлесі барлардың алаңдауға негізі жоқ.Гүлнара Аширбаеваның айтуынша, мұрагерлік үлес бағдарламаға қатысуға кедергі келтірмейді екен. Егер атында жер телімі болған жағдайда, оның үстінде құрылыс жұмыстары жүргізілмесе, бағдарламаға қатысуға болады.

ЖАС ЕРЕКШЕЛІККЕ ШЕКТЕУ БАР МА?

– Әр бантің өзіндік ережесі бар. Әйткенмен, көбіне бағдарламаға 21 жастан бастап, зейнет жасы 63 жасқа дейінгі әйелдер, 68 жасқа дейінгі ер азаматтар қатыса алады. Яғни, несиенің аяқталу мерзімінде ер азаматтар 68, әйелдер – 63 жастан аспауы керек, -дейді Гүлнара Аширбаева.
Мәселен, егер сіз несиені 25 жылға рәсімдейтін болсаңыз ер азаматтың қазіргі жасы 43-те, әйел 39-да болуы керек. 10 жылға рәсімдесеңіз ер азаматтар 59-да, әйелдер 53 жаста болуы керек.

АЙТПАҚШЫ
«7-20-25» бағдарламасы арқылы баспаналы болғыңыз келсе, жалақыңыз 100 мың теңгеден аз болмауы керек. Бірақ, жұрттың бәрі дерлік мұндай жалақы алмайды. Гүлнара Аширбаеваның сөзінше, бұдан да шығатын жол бар екен. Ол – кепілгер. Яғни, «созаемщик» болу.
– Мұнда да әр банктің өзінің ережесі бар. Бір банк екі адамды кепілгер ретінде ұсынуға мүмкіндік береді, ендібірінде тек бір ғана адам кепілгер бола алады. Осылайша, екінші жартыңызды немесе табысы жоғары туысыңыз, досыңыз не көршіңізді кепілгер ете аласыз. Олардың жасы 21-63 аралығында болуы керек.

АЛҒАШҚЫ ЖАРНАҒА СУБСИДИЯ БЕРЕ МЕ?

Осы сауал көптеген Шымкенттіктерді мазалайды. Бұған себеп жоқ емес. Өйткені, халық баспананың алғашқы 20% жарнасын төлеуден қиналады.
– Субсидиялау бастамасы республика деңгейінде егжей-тегжейлі қаралып, бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлерге, тәртіп сақшыларына, ұстаздар мен дәрігерлерге әлеуметтік қолдаудың 2 түрін беру жолдары қарастырылуда,- дейді Гүлнара Аширбаева.

Әлеуметтік көмек түрінде қайтарылмайтын негiзде бастапқы жарнаны жабу үшін 1 (бір) млн теңгеге тұрғын үй сертификаттарын беру. Тұрғын үй сертификаттарын алушылар тізбесі жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімімен айқындалады.
Бюджеттік кредиттер түрінде әлеуметтік қолдауды жылдық мөлшері 0,01% болатын сыйақы мөлшерлемесі бойынша 15 (он бес) жылға дейінгі мерзімге қайтарымды негізде беру.

Әлеуметтік қолдау көрсету тетігін іске асыру үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары» заңнамасына тиісті өзгеріс енгізілді.
Соған сәйкес, жоғарыда аталған санатқа жататын азаматтарға 1 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаттары беріледі. Осы мақсатта 1 млрд теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган тарапынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан кредиттік 246 пәтерлік тұрғын үйді осы бағдарлама аясында сату бойынша жұмыстар да жүргізілуде.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

№21, 22 мамыр 2019 ж