Үйлеріне жеткен Арыс тұрғындарының көңіл-күйі түсіңкі. Тіпті кейбірінің жанарында жас ұялап тұр. Облыс басшысы кеше әр 10 үйге бір маман беріледі дегенмен, бүгін автобустан түскенде алдарынан құшақ жая күтіп алған ешкім болған жоқ.
Бір сағаттай далада тұрған тұрғындардың кейбірі көліктен түсе сала денсаулықтарының күрт нашарлағанын айтты. Ал қаланың кейпін қыр басына шығып өз көзімен көріп келген Шонжан Әуелxан тіпті қорқып отыр. Мұндай ауамен демалғаннан кейін денсаулығымыз күрт нашарлайды деп байбалам салды.
Ал шаңырағына жетіп, қора-қопсысын қарап жүрген сәтінде Шарапат Елқондиева өз ауласынан снаряд тапқан. Жүрегі тас төбесіне шыққан келіншек бірден саперларды шақырыпты. Арада көп уақыт өтпей арнайы мамандар келіп жарылғыш затты алып кетті.
Олардан сұрап біле алғанымыз, бұл зат жарылса, айналасындағы 100 метр жерге зиян келтіруге қауһарлы. Ал Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «барлық оқ-дәрілер бөлек-бөлек қоймаларда сақталған. Олар тек сол қойма ішінде жарылып, қалдықтары жақын маңдағы үйлерге қарай ұшқан» деп отыр.
Ал денсаулықтары мен дүние мүлкіне келтірілген залалға байланысты өтелетін шығын бойынша қойылған сауалдарға облыс басшысы нақты жауап берді. Өмірзақ Шөкеев қазіргі таңда қорға 721 млн. теңге жиналғанын, бюджеттен де ақша бөлінетінін айтты. Ал ол ақша тұрғындарға бөлініп беріледі.
Тұрғындарға осы уәдеге сенуден басқа амал жоқ. Ал қала үстіндегі жиналған түтіннен денсаулыққа ешқандай да зиян келмейді. Оған Өмірзақ Шөкеевтің өзі кепілдік береді. Оның дәлелі ретінде Арыста бір ай тұруға да дайын.
Меруерт Ахан