Қазіргі таңда Шымкент қаласында құрылған 49 эвакуациялық пункте жалпы саны 26 691 арыстық азамат тіркелген. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық әкімдікте өткен брифингте мәлімдеді. Екі күннің ішінде жоғалған 19 бала ата-анасына табысталғанын айтқан қала әкімі еріктілерге, қаражат аударған кәсіпкерлерге алғыс білдірді.
Бүгінде Шымкент қалалық архитектура, құрылыс басқармасының мамандары Арыс қаласында баспаналарды зерделеу үстінде. Бюджеттен бөлінетін қаражатқа баспаналар жөнделетін болады. Арыстағы 17 секторға бөлінген аумақтарды жөндеуге Шымкент қаласы да атсалысатын болады. Қорға жинақталған қаржы толығымен Арыс қаласын қалпына келтіруге жұмсалмақ.
Арыстық 45 мың тұрғын болса, бүгінде шымқалаға көшірліп, тіркелгендердің қарасы 25 мыңға жуықтап отыр. Қала әкімі эвакуациялық орталыққа барғанында арыстықтардың «бізге Шымкент қаласынан жер, үй беріледі ме?» деп сұрағанын айтты.
Қала әкімі арыстықтарға үшінші мегаполистен жер де, үй де берілмейтіндігін айтып өтті. Қорғаныс министрлігінен хабар келген соң тұрғындар өз қалаларына көшірілетіндігін, қала қайта қалпына кетірілетіндігін жеткізді.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Мадияр Жақсыбаев Арыстағы жағдай тұрақты екенін хабарлады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Арман Сұлтанов та Шымкентке келіп тоқтаған жолаушыларды жеткізу барысы тұрақты екенін айтты.
Ғабидолла Әбдірахымов бұған қоса төтенше жағдай кезінде халыққа жалған ақпарат таратып, дүрліктірмеуге шақырды. Әкім әлеуметтік желілерде таралған «10 балдық жер сілкінісі болады», «Көрме орталығындағы гуманитарлық көмектер тоналып жатыр», «бомба жарылады» деген сияқты алып-қашпа әңгіме таратушылардың әрекетін сынап, халықты дүрліктірмеуге шақырды.