Арыс қаласында жойқын жарылыс болды

Бүгін Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімдегі қоймада жарылыс болды. Куәгерлердің айтуынша, бірқатар жарылыстар болған, содан кейін өрт басталған.

«Бүгін, 9:20-да өртсөндіру қызметінің пультіне Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім территориясында қоймада жарылыс болып, артынша өрт шыққаны жайлы хабар түсті. Оқиға орнына Түркістан облысы ТЖД жеке құрамының 30 адамы мен 8 дана техникасы тартылды», — деп хабарлады ІІМ ТЖК өкілдері.

Жарылыстың себептерін анықтау үшін қазір арнайы комиссия жұмыс істеуде. Біздің тілшілеріміз төтенше жағдай орнында жұмыс атқаруда.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Арыс қаласында оқ-дәрілерді жою зауытында жарылыс болған болатын. Сол кезде жарылыстан екі адам көз жұмған еді.
Ал 2009 жылдың наурызында Арыс қаласының маңындағы «НКП ҚазАрсенал» ЖШС аумағында да жарылыс болған-тын.