Арыс қаласында 19 үй өртеніп, 10 қора – қопсы күлге айналған

204

Жойқын жарылыстан Арыстағы үйлердің 90 пайызы зардап шеккен. Баспаналардың шатыры қирап, терезесі сынған. Әскери саперлер әзірге қала аумағынан 20 мыңнан аса снаряд пен жүздеген оқ-дәрі тапты. Қазір оларды қала сыртына шығарып жатыр. Жарылыстан кейінгі қала күйін әріптесім Мақпал Рысбаева да көзбен көріп қайтты.

Қираған баспана, қаңыраған көше, тұрғынсыз қала. Тұрғындары жан қайғымен бас сауғалап жан-жаққа қашқан Арыстың бүгінгі кейпі осындай. Аракідік, аңшыдан қашқан киік сияқты зулаған көліктерді көзіміз шалды. Жаны тынбай үй-жайы мен мал-мүлкінен хабар алуға жүрексіне басып, алғашқы тұрғындар келіп жатыр.

Раушан Момынова мына көлігін жуырда ғана сатып алған. Жарылыс кезінде жанып кеткен темір тұлпарынының қаңқасы ғана қалған. Үй-жайы да қирап тұр. Отбасының күнкөрісіне жарап тұрған дүкеннен де дым қалмапты.

Ал мұндай жарылысқа үйреніп қалған Наталья Андреева ешқайда кетпеймін дейді. Не көрсем де шаңырағымда көрем деп шешкен кейуана қорқынышын жасырмады.

Әзірге комиссия 19 үйдің өртенгенін мәлімдеді. 10-ға жуық қора-қопсы да күл болған. Жолдар мен электр желілеріне қатты зақым келіп, қала жарықсыз қалды. Десе де бүлінген үйлердің саны артып, шығын көлемі әлі де көбеюі мүмкін. Өйткені, залалды есептеу апта соңына дейін жалғасады.