Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылыс салдарынан қаза тапқандардың саны 3-ке жетті. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дандыбаев Орталық коммуникациялық қызметінің баспасөз маслихатында айтты.

25 маусым күні кешкі сағат 22:40-та жантәсілім еткен сарбаз – Әбдіқұл Нұрлан Ахметов. 24 маусым күні жедел жәрдеммен Облыстық клиникалық ауруханаға ес-түзсіз күйде жеткізілген. Дәрігерлер жағдайын команың ІІ-ІІІ дәрежесі деп бағалапты.

Вячеслав Цай, Облыстық клиникалық аурухананың №2 анестезилогия және реанимация бөлімінің меңгерушісі: «Біздің стационарда керек деп табылған тексерістің барлығы да жүргізілді. Басына МРТ, тағы да басқа диагностикалаудан өтті. Республикалық санавиациямен дәрігерлер ұшып келді. Арнайы әскери дәрігерлер де келді Алматыдан. Науқастың жағдайы ауыр болды. Аса ауыр бас сүйек ми жарақатын алған. Бас сүйегі сынған. Соның әсерінен ес-түссіз болды. Жабық кеуде жарақаты да алған».

Қаза тапқан сарбаз 1987 жылы туған. Үйленген. Бір баласы бар. Шымкент қаласының тумасы. 2013 жылы әскер қатарына келісімшартпен шақырылған. Осындай да мәліметпен бөліскен Тимур Дандыбаев оның отбасына қаржылай көмек берілетінін жеткізді.

Тимур Дандыбаев, Қорғаныс министрінің орынбасары: «Қайтыс болған жандардың туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтамын. Өкінішке қарай, кеше бір әскери қызметкер сержант Ахметов алған жарақаты салдарынан қайтыс болды. Ол халықты құтқару жұмыстарымен айналысқан».

Жарылыс басталғанда сарбаздардың бірқатары ауысымнан шығып жатқан. Алғашында не болғанын түсінбей абдырап қалыпты. Әлеуметтік желінің кейіпкеріне айналған Исатай Әлібеков сол күнді осылай еске алады. Жан-жақта жарылыс басталғанда жауынгер ата-анасымен видео арқылы болса да қоштаспақ болған. Бірер сәтте есін жиған сарбаз адамдарды құтқаруға көшкен. Исатайдың бір жолдасы тұрғындарды құтқару үшін жанын қиса, енді бірі елдің алдына түсе қашқан.

Исатай Әлібаев: «Мен өте-өте қатты ұялдым. Тіпті олардың жандарында қалай тұратынымды да білмеймін. Бәрі жаман демеймін. Адамдарды көбісі құтқарды. Қолынан келгендері біреуді көтеріп кетіп жатты».

Қазір Арыс қаласында 1800 әскери қызметші жүр. Олар қаланы жарылмай қалған снарядтардан тазартады. Және тұрғындардың дүние мүлкін күзетеді.

Меруерт Ахан