Жарылыстан жарақат алған арыстықтар Шымкенттің жедел-жәрдем ауруханасына түсіп жатыр. Ақ халаттылар қолдан келгенше келгендердің бәрін қабылдады. Аурухана әкімшісі барлық жағдайды дайындап қойған. Науқастардың туыстарына мұнда психолог мамандар көмек көрсетіп жүр.
Арыстағы жарылыстан жәбір көргендердің дені Шымкент қаласындағы клиникалық ауруханаға өз көліктерімен келіп жатыр. Есіктің алдынан медбикеден бастап, бас дәрігерлер өздері қабылдап жатты. Айтып келмейтін апат халықты абыржытып тастаған. Әлі үрейлері басылмаған.
Зардап шеккендердің бірінің туысы «Қашып жара жаттық. Аяғынан тиді. Не тигенін білмейміз. Ауруханаға алып келдік» дейді.
Дүние — мүлікті тастап қашқан қара халық жан — жағына қарауға мұрша болмады дейді. Кейбірі үрейленіп жүріп, аяғын қайырып алған. Осындай науқастың бірі қалалық аурухананың дәрігерлеріне көмекке жүгінді.
Бас аяғы 20 — дан астам науқас Арыс қаласынан келген. Олардың арасында жасөспірім балалар да бар.
Өткіржан Молдаханов, Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі: «Бір адамға ота жасалынды. Балалар «Нұрсәттегі» балалар ауруханасына ауыстырылды. Науқастардың барлығы да облыстық денсаулық сақтау басқармасының қатаң бақылауына алынған».
Санавиация өкілдері де осында. Облыстық ауруханаға әзірге төрт ересек ауыстырылды. Мамандар дүрбелеңге берілмей, сақтық шараларын қолға алуға кеңес береді.
Ернар Балабеков