ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарымен, көлік инфрақұрылымымен танысты.
Түркістанда ҚР Премьер-Министрі облыс орталығының салынуын тексерді. ҚР Үкіметінің басшысы жаңа халықаралық әуежай құрылысының басталуымен танысты.
Нысан облыс орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан және 2020 жылы желтоқсан айында пайдалануға берілетін болады. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушыны құрайтын болады деп жоспарланған.
ҚР Премьер-Министріне 610 төсек-орындық болашақ көпбейінді облыстық медициналық орталық жобасы таныстырылды. Жаңа аурухананы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында шетелдік және отандық инвесторлар бірігіп салатын болады.
Асқар Мамин бөлімдердің орналасу сұлбаларын көрді. Бірыңғай орталық аумағында жедел медициналық жәрдем станциясы, онкологиялық және радиологиялық орталық, сонымен қатар жаңа туған нәрестелерге арналған интенсивті терапия бөлімі жұмыс істейтін болады, бұл бөлім сәбилер өлім-жітімін азайтуға мүмкіндік береді.
Одан соң Асқар Мамин облыс орталығының құрылысы барысын тексеріп, әкімшілік, әлеуметтік, мәдени-тарихи мақсаттарда салынып жатқан нысандарды көрді.
ҚР Үкіметінің басшысы облыс әкімдігі, медиа орталық, конгресс-холл, «Нұр-Сұлтан» алаңы, халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараттарының құрылыс алаңын аралады.
Әлеуметтік мақсаттағы нысандардың ішінен Асқар Мамин спорт және музыка мектептерінің, туристік бағыттағы колледждің, стадионның, оқушылар және спорт сарайларының салыну барысын көрді. Сонымен қатар, салынып жатқан Қазақ драма театры, неке сарайы ғимараттарын, сондай-ақ аттракциондары бар паркті, музыкалық фонтан мен амфитеатрды аралады.
Қаланың тарихи-мәдени орталығында ҚР Премьер-Министрі Қ.А. Яссауи музейін, «Ұлы дала Елі» орталығын, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың, Шығыс моншасының салынуы, Ұлы Жібек жолының қолөнершілерінің Ұлттық орталығы ғимаратын, визит орталығын реконструкциялау, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын реставрациялау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын тексерді.
Бұдан басқа, ҚР Премьер-Министрі жаңа саябақ пен қалалық Арбат салынып жатқан құрылыс алаңдарын аралады.