Мақтаарал ауданы Азаттық ауылының тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Себебі, ауыл үйлеріне көгілдір отын жеткізіле бастады. Өңірдегі ең ірі аудандардың бірі 2022 жылға дейін газдандыру жоспарын жоғары деңгейде орындамақ.

Жылдар бойы от жағудың машақатын көрген Азаттық ауылының тұрғыны — Әлия Абуова. Перзентінің қамымен көп балалы ана пеш жағу үшін талай рет түн ұйқысын төрт бөлген. Енді мұның бәрі артта қалды. Көптен күткен газ құбыры Әлияның үйіне де жетті.

Әлия Әбуова, жергілікті тұрғын: «Бұрын бізге көмірді сатып алып жағуға тура келетін. Ал оның бағасы удай екенін өздеріңіз білесіздер. «Қазтрансгазға» рахмет, соның арқасында біздің үйде көгілдір отын бар».

«ҚазТрансГаз» компаниясы ауылдағы 145 шаңырақты газбен қамту үшін бар жағдай жасаған: елдімекен көшелеріне табиғи газ құбырлары сымдай тартылып тұр. Үйлерге есептегіш қондырғылары орнатылған. Енді тұрғындарға орталық құбырға қосылу ғана қалып тұр.

Дильдабек Паяев, «Атакент» газ шаруашылығының директоры: «Биылғы жылы Алғабас, Табысты, Өркениет, Көкпарсай, Еркінабат және Шаттық ауылдары газбен қамтамасыз етіледі. Аудан бойынша барлығы 2000 абонент көгілдір отынға қосылады».

Қазір Мақтаарал ауданында 23 елді мекен газдандырылды. Жыл соңына дейін тағы 6 ауыл көгілдір отынмен қамтылады. Мамандар 2020 жылға дейін қалған елдімекендерге де газ құбыры тартылады деп уәде берді. Айта кету керек, Мақтаарал ауданында газсыз отырған ауылдар саны бүгінде 69.

Айя Мүтәлі