Айдана Кенжеғали бір күннің ішінде 60 баланы табуға көмектескен. Арыстағы жағдайға бей-жәй қарай алмаған бойжеткен санаулы уақыттың арасында арнайы чат ашып, жоғалғандардың тізімін толықтырып отырған. Жаста болса, тындырымды тірлік атқарған кейіпкеріміздің ісі расында мақтауға тұрарлық.
Кенжеғали Айдана волонтерлық жұмысын күні кеше бастаған. Арыстықтардың басына түскен ауыртпалыққа бей-жәй қарай алмаған бойжеткен уатсапп мессенджер жүйесінен арнайы чат ашып, адасып қалған ата-аналар мен балаларды табыстыруға тырысқан. Ойлаған ісі жүзеге асып, бір күннің ішінде 60 баланы табуға көмектескен.
Айдана Кенжеғали, ерікті: «Адамдарды инстгарммнан алдым. Тауып алғандар мен жоғалтып алғандарды қосқам бірге. Солар суреттерімен тауып алған. Мысалы, 6 айлық бала Монтайтастан табылды».
«Отбасының жалғыз қызы болғаннан кейін, кішкентайларды жақсы көремін. Сол себептен ешқандай баланың жылағын қаламаймын», — дейді Айдана. Сондай-ақ, ЖОО-да психологияны оқып жүрген оған болашақ мамандығының көп көмегі тиіпті.
Айдана Кенжеғали, ерікті: «Кішкентай балаларды жақсы көремін. Балалармен сөйлестім. Көбісі қорқып қалған, сөйлемейді, жылай береді. Тығылады. Енді енді үйреніп келе жатыр».
Абдырап қалған жұртшылық қазір кез-келген көмек пен жылы лебізге зәру. Сондықтан олардың басқа түскен нәубетке ортақтасып, көмектескен жандардың жақсылығын алғыспен болса да қайтаруға тырысты.
Айдана көмекке келген қабылдау бекетінде келушілердің саны сағат сайын өсіп келеді. 200-ге жуық адамға жағдай жасалып, жомарт жандар барынша көмек көрсетіп жүр. Өнер адамдары да бұл шарадан тыс қалмады. Азы-түліктен бөлек олар бір-бірінмен тез табысу үшін келгендерге ұялы телефон сыйлады.
Ғалымжан Кенжебек