Бүгін Шымкентке еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нәдіржан Камалов келді. Жарылыстан жапа шеккен арыстықтардың жағдайымен танысу үшін күнгейге ат басын бұрған билік өкілдері қабылдау бекеттерінде болды.
Үкімет мүшелері алдымен шаһардағы №1 дарынды балалар мектебіне барды. Апатты жағдайдан әлі күнге ес жия алмай отырған арыстықтардың ахуалын көзбен көрді. Мұнда 700-ден аса азамат қабылданып, тіркелген. Тұрғындар ас-суымыз жатын жайымыз жеткілікті дейді.
Бір емес бірнеше рет жарылыстан зардап шеккен тұрғындар Арысқа қайтқысы жоқ. Қорқынышы сейілмеген халық билік өкілдеріне Шымкентте тұрақтап қалғысы келетінін жеткізді.
Үкімет мүшелері Асар шағынауданындағы №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасына барды. Жарылыс кезінде жол апатына ұшыраған баланың жағдайын білді.
Атқамінерлер «Уммет» қайырымдылық қорының балалар үйіне де ат басын бұрды. Мұнда 200-ден астам азамат қабылданған. Мұндағы жұртшылық та Арысқа қайтуға қауіптенеді. Оларға Шымкентте қалуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Министр арыстықтардың миллионды мегаполисте баспанамен қамтылмайтынын кесіп айтты. Себебі, баспанасыз 36 мың шымкенттік пәтер кезегінде тұр.
Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 56 эвакуациялық бекет ұйымдастырылған. Қазір билік өкілдерінен бастап қарапайым халыққа дейін жарылыстан зардап шеккен арыстықтарды бірі ас-сумен, бірі киім-кешек сияқты қажеттіліктермен қамтуда. Күнгейліктер осылайша ел басына күн туғанда бір-біріне құшақ жайып, елдігі мен кеңдігін көрсете білді.
Мақпал Рысбаева