Дүкеннен чек талап етіп, смартфон ұтып алыңыз. Қалада басталған акция барысында 100 айфон ұтысқа қойылды. Бұл салық төлеушілердің кассалық аппаратқа көшуіне сеп болады дейді ұйымдастырушылар. Жаңалықты жатырқамайтын жергілікті кәсіпкерлер онлайн тәртіпке жыл басынан-ақ ауыса бастаған. Талап бойынша 2020 жылға дейін бизнес өкілдерінің барлығы жаңа жүйеде қызмет көрсетуі тиіс.
Кіріс басқармасы басшысымен кездесуге қаламыздың бірқатар базарлары мен дүкендерінен салық төлеушілер жиналды. Барлығын мазалаған бір сұрақ — жаңа жүйенің қыр-сыры. Ал, мамандар кәсіпкерлерге кассалық аппараттан бөлек тағы бір тосын сыймен келген. Ол «Чекті талап ет те, сыйлық ұтып ал» ойыны.
Айта кетейік, аталған акция бойынша бүгінде 35 айфон өз егесін тапқан. Тамызға дейін жалғасатын ойыннан соң тағы да акциялар ұйымдастырылмақ. Ал, ол кезде ұтысқа тұрмыстық техникалар қойылуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, сатып алушылардың чекті талап етуі, салық төлеушілердің кассалық аппаратқа өтуіне түрткі болады.
Салық төлеушілердің кейбіріне мемлекеттік жаңа жүйе қиын көрінсе, ал өзгелері қолдап жатыр. Жыл басынан бері қала бойынша 1400 салық төлеуші кассалық аппаратқа өткен. Ал, сауда орындарының ішінде «Тұлпар» базары ғана жаңа жүйеге толығымен көшті.