«Мамыр басталды» дегенше, «маевканың» маусымы басталды» дей беріңіз. Табиғат аясындағы демалыстың қызатын шағы. Барлығы да шаһардың күйбелең тіршіліген бір сәтке болса да демалу үшін табиғат аясына асығады. Дегенмен осындай көңілді демалыстың соңы кейбіреулер үшін жағымсыз аяқталатыны бар. Бірінің басынан күн өтеді, екіншілерінің терісі күйеді. Тау-тасқа өрмелеп аяқ-қолын жарақаттайтындар да көп. Астан уланып, төсекке тағылатындар да жоқ емес. Ендеше, табиғат аясындағы демалысыңыз «салдарсыз» өтсін десеңіз, төмендегі мамандардың кеңесі жадыңызда жүрсін.
КҮН КӨЗІНЕН ҚАУІП КӨП
«Басымнан күн өтті». Бірнеше сағат күн астында жүргендердің осылай деп бүк түсетіндері бар. Бір күн бойы таза ауада серуен құрғандардың жағдайын айтпағанда. Сондықтан да терапевт-дәрігерлер табиғат аясына шығуды жоспарлағандарға міндетті түрде күнқағар қалпақ немесе қолшатыр алып шығуға кеңес береді.
– Бастан күн өту – күн сәулесінің бас аймағына тікелей әсер етуінен пайда болады. Нәтижесінде ми қан тамырлары кеңейіп, орталық жүйке жүйесі зақымданады. Сондықтанда бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды,- дейді №2 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Элмира Байжұмақызы.
Дәрігердің сөзінше, күннің өтуі әсіресе балалар мен қарттарға қауіпті. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдарға да күн астында ұзақ жүруге болмайды. Бірақ бұл осы категорияға жатпайтындардың басынан күн өтпейді дегенді білдірмейді. Ыстық күні далада көп жүрген кез-келген жанның:
– бойын әлсіздік билеп, басы айналады;
– жүрегі айныйды, құсады;
– басы ауырады;
– дене қызуы (40градусқа дейін) көтеріледі;
– суық тер шығады.
Мұндай да дереу көлеңке жерге отырып, киімнің түймелерін ағытқан жөн. Мүмкіндік болса беті-қолды мұздай сумен сүртіп, 1-2 стакан су ішу керек. Және демалып жата тұрған абзал.
Бұдан бөлек басынан қатты күн өткен кезде сандырақтап, көзіне бірдеңелер елестейді. Мұндай да науқасқа тез арада медициналық көмек көрсетілмесе, өліп кетуі де әбден мүмкін.
– Көптен бері күтіп, жоспарлаған демалысыңыз ойдағыдай өтсін десеңіз күнқағар шәпке мен табиғи матадан тігілген ашық түсті киім киюге тырысыңыз. Көбірек су ішіп, ішімдіктен аулақ болаңыз. Ұзақ уақыт күннің астында жүрмеңіз. Күннің астында жатпаңыз. Ағаштардың саясындағы, көлеңкемен дос болыңыз,-дейді терапевт-дәрігер.
Күн көзінен келер қауіптің тағы бірі ол – күнге күю. Жасыратыны жоқ, кезінде Гиппократ барлық аурудың емі күн деп айтып кеткен еді. Оны қазіргі дәрігерлер де жоққа шығармайды. Сондықтан да кейбір тері ауруларын емдеуде күннің сәулесін пайдаланады. Дегенмен, ақхалаттылар күн көзінің теріге кері әсері бар екенін де ескертеді.
Облыстық тері-венерологиялық аурулары ауруханасының дерматолог-дәрігері Зурайда Мамедқызының айтуынша, күннің астында ұзақ уақыт жүру түрлі тері ауруларына әкеп соқтырады. Атап айтар болсақ, фотодерматит, тері обыры.
Аталмыш тері аурулары күн көзінде шамадан көп жүргеннен пайда болады. Яғни, терінің күнге күюінен пайда болады. Маманның айтуынша, бұл ауруларға әртүрлі жастағы адамдар, әсіресе 15 пен 39 жас аралығындағы нәзікжандылар шалдығады екен. Әсіресе бұл ауру терісі аққұба, сепкілге бейім жандарға үйір. Сондықтан да, осы санатқа жататындарға күн көзінде ұзақ жүруіне немесе қыздырынуына болмайды.
– Жаз мезгілінде сағат 11.00 мен 16.00 аралығында күн көзінде жүруге болмайды. Жазда қалпақ, көзілдірік және шыт матадан тігілген жеңіл киім кию керек. Ал, күнге аллергиясы бар азаматтардың ұзын жеңді көйлек кигені абзал. Жаз маусымында жағажайға барып шомылып, күнге қыздырынбақ болсаңыз немесе табиғат аясына демалуға шықсаңыз дәріханаларда сатылатын арнайы күн көзінен сақтайтын кремдерді қолданғаныңыз жөн. Кремді нұсқаулық бойынша пайдаланыңыз. Қалай десек те, күн көзінде шамадан көп уақыт жүрмегеніңіз дұрыс,- дейді Зурайда Мамедқызы.
АСТЫ ТАҢДАП ІШІҢІЗ
Маевкаға шыққанда мән беретін тағы бір мәселе бұл әрине – ас. Себебі, ыстық күнге тағамның барлығы бірдей шыдас бермейді. Оған табиғат аясында оны сақтайтын тоңазытқыштың жоқ екенін ескерсек, табиғат аясына өзіңізбен бірге бұзылматын, ашымайтын азық-түлікті алған жөн. Әйтпесе, ішек инфекция ауруына шалдығып немесе тамақтан уланып қалуыңыз әбден мүмкін.
– Жіті ішек инфекциялары – бұл инфекциялық аурулардың үлкен тобы. Инфекция тағам арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі. Кей адамдар оларға бекем болады, ал басқалары тез жұқтырып, қатты ауырады. Басы айналады, құсады, іші өтеді. Тамаққа зауқы соқпайды,-дейді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Баян Нұсқабайқызы. Сондықтан да, табиғат аясында болсын, үйде болсын төмендегі ережелерді мықтап естен шығармаған жөн. Ол:
— көкөніс, жеміс-жидек тағамдарын алдын ала тазалап жуу;
-тез бұзылатын тағамдар (сүтті, ірімшік, пісірілген шұжық, аспаздық салмасы бар тағамдар) тоңазытқышта сақтау, сатып алар алдында сақтау мерзіміне қарау;
— тағамдарды дайындау кезінде мұқият болу;
— ешқашан белгіленбеген сауда орындарынан шикі жылу өңдеуге жататын өнімдерді сатып алмау;
— сатып алу кезінде, үйге жеткізу және де шикі және дайын тағамдарды дайындау кезінде бөлек ыдысты пайдалану қажет.
— Бактериялар 4,4-тен 60 градус Цельсий температурасында тез көбейеді. Тағамды осы температура аралығында сақтау ұсынылмайды. Ең дұрысы — азық-түлікті тоңазытқышта сақтаңыз. Және тағамды 60 градустан кем емес Цельсий температурасында дайындаңыз және ысытыңы,-дейді маман.
Ал, табиғат аясына шыққанда, майонез, кетчуп қосылған тағамдар мен салатты және тез бұзылатын тағамдарды пайдаланбаған жөн. Ең дұрысы жеміс-жидектер мен көкөністерді пайдалану. Және ыстық тағамды үйден емес, сол жерде әзірлеу.
МҰҚИЯТ БОЛЫҢЫЗ!
Табиғат аясында демалғанда қатер аяқ астында екенін ұмытпаңыз. Шөпте аунап-қунап жүргенде кене, ағаш-тастың арасынан қарақұрт, судың жағасында жылан шағып алуы әбден мүмкін. Шымкент қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, карантиндік және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Балкүміс Мусаеваның айтуынша, табиғат аясында демалатындарға көбіне кенеден қауіп бар.
– Биылғы жылдың өзінде кене шағу бойынша 270 оқиға тіркелді. Жапа шеккендердің біраз бөлігі табиғатта демалғандар. Қуанышымызға орай, олардың ешқайсысынан Қырым Қанды безгегі анықталмады,- дейді Балкүміс Балсейітқызы. Конго — Қырым геморрагиялық қызбасы — табиғи ошақтары бар, вирустар арқылы берілетін, дүние жүзінде кең тараған аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. КҚГҚ ауруы вирусының айналымы үшін табиғи тіршілігінде кенелердің өсіп-өнуіне жағымды жағдайлар қалыптасқан аумақтарда тіркеледі.
Сондықтан да, демалыс кезінде кене шақпасын десеңіз:
— Ашық түсті жақсы қорғалған резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию қажет.
— Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңіз және өзіңізге байқалмайтын орындарды (мойын, бастың шаш бөлігі, дененің артқы жағы т.б.) бір-біріңіздің үстеріңізді мұқият қарап отыру қажет;
— Дененің ашық жерлеріне және киімге кенелердің шабуылынан қорғайтын немесе оны өлтіретін арнайы сақтану құралдарын қолдану қажет.
Ескерту: Кене шаққан жағдайда, тез арада медициналық жәрдемге жүгіну қажет, мед.қызметкерлер кенені пинцетпен немесе жіппен байлап жайлап ырғап-ырғап шығарады. Кенені езіп өлтіруге болмайды. Медициналық көмекке жүгіннен кейін 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.
Кенеден бөлек, жылан, қарақұрт, сарышаяндардың қай қайыссысы да адамның денсаулығына зиян келтіретіні сөзсіз. Тіпті, дер кезінде көмек көрсетілмесе өліп кету қауіпі де бар. Сондықтан да, сақтанғанды құдай сақтайды дегенді ұмытпаңыз. Ал шағып алған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз. Демалысыңыз жақсы өтсін! Ауырмаңыз!
Айжан Ермекқызы