«Shymkent Plaza» сауда ойын-сауық орталығының демеушілігімен салынған алаңқайға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келді. Өз кезегінде меценаттарға алғысын білдірді.

Дендрология саябағынан бүлдіршіндердің шат-шадыман күлкісі естіледі. Себебі, балаларды қорғау күніне орай салынған орында жазғы демалыстағы балалар өз уақытын көңілді өткізеді. Бір ерекшелігі, бұл алаңқайдың салу жұмыстарына құрылысшылар тартылмаған.

Марат Қалдыбаев, «Shymkent plaza» сауда ойын-сауық орталығының директоры: «Балалар алаңшасының барлық жұмыстарын біздің қызметкерлер өз қолдарымен атқарған. Көріп тұрғандарыңыздай 40 дана тал да ектік. Алдағы уақытта біз кесте бойынша сенбілік өткізіп өзіміз келіп, күтіп баптаймыз деп айта аламын».

Мейрамкүл Кенжеқұлова өзінің немерелерін осында алып келуді әдетке айналдырған. Осы уақытқа дейін таза ауада серуендеуге келген балалар зерігетін еді дейді. Ал балалар алаңқайы салынғалы бері бұл мәселе шешімін тапты.

Мейрамкүл Кенжеқұлова, қала тұрғыны: «Немерелерімді осында әкеліп ойнатып жатырмын. Рақмет барлықтарыңа, балаларға осындай ойнауға жағдай жасаған».

Ал «Shymkent plaza» сауда ойын-сауық орталығының басшылығы дендросаябақ аумағына алдағы уақытта абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, ересектерге арналған жаттығу орындары мен балалар алаңшасын салуды жоспарлап отыр. Бұл ұсыныстары қала басшылығы тарапынан да қолдауға ие болып отыр.

Меруерт Ахан