Маусым айының үшінші жексенбісі Қазақстан медицина қызметкерлерінің төл мерекесі.
Түркістан қалалық емханасының ұжымы кәсіби мерекелерін үлкен жетістіктермен қарсы алуда. Емханада бүгінде 700-ге жуық медицина қызметкерлері еңбек етуде. Осыдан төрт жыл бұрын пайдалдануға берілген медициналық ұйымның облыс орталығында 10 бөлімшесі жұмыс істейді. Оңтайландырылған емханада жергілікті халыққа бір терезе қағидасы бойынша медициналық қызмет көрсетілуде.
Жанар Оспанова, Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері: «Тәуліктік амбулаторлық станционарлық жарақат бөлімшесі ашылмақ. Онда күндіз ота жасалып, науқас үйіне жіберіледі. Бұл науқасқа да, медициналық мекемеге де тиімді. Емханада әлеуметтік қолдау орталығы жұмыс істейді. Сауықтыру мақсатында писхологиялық көмек те көрсетіледі».
«Халық денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда»,- дейді бас дәрігер. Емханаларда бүгінде әлеуметтік қолдау орталықтары, сауықтыруға бағытталған психологиялық бөлімшелер жұмыс істеуде.
Шолпан Құдиярова, Түркістан қаласының тұрғыны: «Дәрігерге көрінуге келдім. Қызымды емханадағы қызметкерлерге сеніп тастап, гинекологтың қабылдауында болдым. Медицина саласының қызметкерлерін мейрамдарымен құттықтап, қолдары дерт көрмесін деген тілегімді жеткізіп, табыс тілеймін».
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Сондықтан да түркістандықтар қадірлі де, ардақты ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтайды.
Шынар Оразова