Қаладағы №1 оңалту орталығында кішкентайларға арналған думанды жиын өткізілді. Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараның басты кейіпкері сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндер. Ал, оларды құттықтау үшін басқарма басшысы мен жаны жомарт жандар арнайы келген.
Әдетте ауруына шипа іздеп келетін балаларды оңалту орталығы бұл жолы ерекше қарсы алды. Табалдырықты аттамай жатып мерекелік көңіл күйді сезінген оларды ертегі кейіпкерлері күтіп алды. Балақайлар әлемге танымал өнер жұлдыздарындай қызыл кілемнен өтіп, тәттілерге тап болды. Солардың бірі Зарина Азимова. 11 жастағы ару бұл жерде 2 жылдан бері ем алып жүр.
Қаладағы №1 оңалту орталығының жұмысын бастағанына жыл толды. Осы аралықта 500-ден астам бала көмек көріп, 71-і аяқтан тұрып жүріп кеткен. Қалғандары жетекпен жүріп, аунау мен сөйлеуді үйренген. Осындай жылдық нәтижені естіген Лолахан Тойчиеваның көңілі босап кетті. Қамкөңіл ана 15 жылдан бері сал ауруына ұшыраған қызымен арпалысып келеді. Перзенті екпеден кеткен қателіктің зардабын шеккен.
Келген қонақтарға өнерін көрсеткен бүлдіршіндер сыйлықтарға да кенелді. Одан бөлек тәтті толы себет пен мақтау қағаздары да үлестірілді.
Назерке Үкібасова